Заң

Өңірде қараусыз жануарларға қатысты қағидалар өзгеруі мүмкін

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

– “Ит пен мысық – адамның адал серігі. Алайда, оларды асырау зор жауапкершілікті талап етеді. Жақын арада өңірде үй жануарларын ұстауға қатысты жаңа талаптар күшіне енуі мүмкін. Оған сәйкес иелеріне асыранды жануарларын көшеге тастап кетуге тыйым салынады”.

Аталған өзгерістерді облыстық ветеринария басқармасы қоғамдық кеңестің қарауына ұсынды. Жаңашылдықтар жануарларды көшеге тастап кетудің алдын алуға және оларды аулау мен уақытша ұстау тәртібін реттеуге бағытталған.

НАТАЛЬЯ ТАРАКАНОВА, СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
– “Енді иесі үй жануарын асырай алмаса, оны панажайға, уақытша ұстау пунктіне немесе күтім жасай алатын басқа адамға тапсыруы тиіс. Заңды шешім қабылданғанға дейін оны күтіп ұстау міндеті бұрынғы қожайынның мойнында болады. Ал ауланған иесіз иттерді уақытша ұстау мерзімін үш күннен бес күнге дейін ұзарту ұсынылды. Бұл аралықта жануардың жаңа иесін табуға немесе оған жаңа үй іздеуге мүмкіндік беріледі”.

Қоғамдық кеңес мүшелері жаңа жобаны бірден талқыға салды. Пікір алмасты, құжатқа қатысты сауалдарын қойды.

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Қараусыз жүрген иттердің арасында қарғыбауы бар, тұқымы белгілі иттер де кездесуі мүмкін. Яғни, олардың иелері бар. Бірақ бес күн ішінде иелері табыла ма? Жергілікті атқарушы органдар жануарлардың иелерін іздестіру бойынша әлеуметтік жарнама бере алады ғой. Әкімдіктер бұл мәселеге қалай қарайды? Олар осы мүмкіндікті пайдаланып жүр ме әлде мұндай шараларды қаржыландыруға мүлде қатыспауы да мүмкін бе?

Наталья Тараканованың айтуынша, қараусыз жүрген иттердің санын реттеу жұмыстары аудандық әкімдіктердің құзыретіне берілген.

НАТАЛЬЯ ТАРАКАНОВА, СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
– “Қараусыз жүрген иттердің санын реттеу жөніндегі өкілеттік облыстық басқармадан аудандық деңгейге берілді. Осы мақсатта әкімдіктерде тиісті бюджет қарастырылған. Оның аясында вакцина егу, стерильдеу және жануарларды аулау қызметтері бойынша мемлекеттік сатып алулар өткізіледі”.

Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері жаңа жобаны мақұлдады. Осы ретте қала тұрғындарының да пікірін білуді жөн көрдік. Қараусыз жүрген иттер мәселесі оларды қаншалықты алаңдатады және ұсынылған өзгерістерге көзқарастары қандай?

Айта кетейік, Петропавлда жыл басынан бері 100-ден астам қаңғыбас ит ауланды. Олар ветеринариялық тексеруден өткізіліп, стерильденген және вакцина салынғаннан кейін бұрынғы мекендеу ортасына қайтарылған. Қала әкімдігінің мәліметінше, қараусыз жүрген жануарлардың санын реттеу жұмыстары биылғы жылдың 18 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы органның құзыретіне берілген.

Улан Ыдырыс