Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді

Облыстық қуыршақ театрында «Жизнь невозможна без правил дорожного движения» атты жаңа интерактивті спектакльдің премьерасы өтті. Тұсауы кесілген қойылым балаларға жолда жүру тәртібін ойын арқылы үйретуге бағытталған. Пайдасы зор туындыны жүзге жуық бүлдіршін тамашалады.

АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
– «Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментімен бірлесіп, «Жизнь невозможна без правил дорожного движения» атты екі тілде жүретін қойылымның тұсауын кестік. Алдағы уақытта облыстың барлық аудан-ауылдарын аралаймыз. Бүгін балабақшалардан 5 жастан жоғары бүлдіршіндер келді».

Жолды қай жерден және қалай кесіп өту керек? Самокат пен велосипед тебу ережесін білеміз бе? Актерлер қойылымда осы секілді маңызды сауалдарға жауап берді. Өнер саласының өкілдері туындыға кішкентай көрермендерді де қатыстырды. Осы арқылы балалар жолдағы түрлі жағдайды талдады, сақ болуды үйренді. Қойылым соңында бүлдіршіндердің жол ережесін қаншалықты меңгергені де бағамдалды. Балалар сұрақтарға белсенді жауап беріп, спектакльден алған әсерлерімен бөлісті.

Жаңа қойылымды дайындауға театр ұжымы жарты жылға жуық уақыт жұмсаған. Осы аралықта қуыршақтар жасалып, декорациялар мен костюмдер әзірленді. Әртістер де тыңғылықты дайындалған.

Сандугаш Кайырбек