Жұмыс сапарын Ғауез Нұрмұхамбетов жол инфрақұрылымының жай-күйімен танысудан бастады. Маңызды оқиғалардың бірі – республикалық маңызы бар «Волошинка-Сергеевка-Тимирязево» автожолының орташа жөндеу жұмыстарының аяқталуы. Бастапқыда екі жылға жоспарланған жоба небәрі 11 айдың ішінде жүзеге асқан.
Жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын 100 пайыз нормативтік жағдайға келтіру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп отыр. 30 жыл бойына жол машақатын тартқан халық үшін бұл күтпеген жағдай.
Бұдан кейін өңір басшысы Дмитриевка ауылына барды. Мұнда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл елді мекенде жалпы құны 90 млн теңгені құрайтын үш ветеринариялық пункт салынды. Сонымен қатар, жаңа мал қорымы мен мал сою алаңы бой көтерді. Өңірде ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да жалғасуда. Жоба аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дамытуда. Биыл СҚО-да жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрайтын 169 өтінім қаржыландырылған. Бағдарлама игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі – «Қазақ қой солтүстік» жеке кәсіпкерлігі.
АРМАН СМАҒҰЛОВ – жеке кәсіпкер, Тимирязев ауданы:
– “Иә, шынымен де, әкімдік маған 400 гектар жайылымдық жер және 23 гектар егістік алқабын берді. Биыл 28,5 млн теңге көлемінде қаржы мақұлданып, соған 333 бас ұсақ мал сатып алдым. Бұл менің шаруашылығымды екі есеге ұлғайтуға зор серпін береді”.
Елімізде Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Мереке қарсаңында облыс әкімі еңбек ардагері Ольга Скобаға арнайы барып, Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайына жолдама сертификатын табыстады. Сондай-ақ, өңір басшысы ардагерге облыстың 90 жылдық тарихы мен жетістіктеріне арналған кітапты сыйға тартты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Білесіз бе, биыл Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл кітапты біз мерейтой қарсаңында жарыққа шығардық. Мемлекет басшысы өңірімізге келген кезде айтқан ақжарма тілектері де осы кітапқа енген. Мұнда облыстың бүкіл тарихы мен жетістіктері қамтылған. Сол жетістіктердің қатарында сіздің де еңбегіңіз бар”.
Бұдан соң облыс әкімі аталмыш ауданға қарасты Ақжан ауылына ат басын тіреді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында «РАЙТ АА» серіктестігі мұнда 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салған. Қазір шаруашылық мал басын асыл тұқымды ірі қарамен толықтыруға дайындалуда.
ШАРҚАН ҚОҢЫРАТБАЕВ – серіктестік басшысы, Тимирязев ауданы:
– “Біз Венгриядан ірі қара мал сатып алу жөнінде келісімшарт жасадық. Бір сиырдың құны шамамен 1,8 млн теңгені құрайды. Барлығы 400 бас әкелінеді. Мал шаруашылыққа арнайы көлікпен жеткізіледі”.
Ал Тимирязевте облыс әкімі аудандық аурухана мен бір ауысымда 150 адамды қабылдауға қауқарлы емхана жұмысымен танысты. Өткен жылы медициналық мекемеге 320 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу жүргізілген. Нәтижесінде дәрігерлер кабинеттері жаңартылып, инженерлік желілер, жылыту жүйесі, өрт дабылы мен бейнебақылау құрылғылары жаңадан орнатылды. Сонымен қатар, медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда.
Облыс әкімі аудан орталығындағы С. Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясына да ат басын тіреді. Онда оқушылардың сапалы білім алуларымен қатар сабақтан тыс кезеңде де уақытты тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Бұл жерде Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа агросынып жұмысымен де танысты. Мұнда үш мектептің 10-11 сынып оқушылары білім алады. Олар аграрлық салада жұмыс істеуге қажетті теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды да меңгереді. Бұдан соң өңір басшысы аудандық IT-creative орталығына барды. Ол биыл қыста «Digital Aimaq» жобасы аясында ашылған. Орталықта коворкинг, ойын және IT-аймақтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда облыстағы екінші digital-музей мен цифрлық сынып ашылған.
ЗӘКІРЖАН МАМЛЮТОВ – СҚО әкімінің креативті экономиканы дамыту жөніндегі кеңесшісі:
– “Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары, көрнекі безендіру және инфрақұрылым бойынша барлығы жазда әзірлеген жобамызға толық сәйкес келеді. Қазір қараша айы. Цифрлық сынып та талапқа сай. Тек сенсорлық панельдер әлі келген жоқ, жолда. Жалпы, нысан 100 пайыз дайын”.
Жұмыс сапары соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен жиын өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі залға жиылғандарды аудан әкімі Ерлан Жаров құлағдар етті.
ЕРЛАН ЖАРОВ – Тимирязев ауданының әкімі:
– “2026 жылға арналған аудан бюджеті 3,1 млрд теңгені құрайды. Жергілікті бюджетке түсетін кіріс жоспары 1,6 млрд теңге болса, іс жүзінде 1,7 млрд теңге түсті. Бұл – жоспардың 106,6 пайызы. Ал 2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің атқарылуы 99,8 пайызды құрады”.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін де іркіп қалмады. Сұрақтардың басым бөлігі жолдардың жай-күйі мен инженерлік инфрақұрылымға қатысты.
ЕКАТЕРИНА ЕРОСЕЕВА – Докучаев ауылдық округінің тұрғыны, Тимирязев ауданы:
– “Тимирязево–Докучаев тасжолы елге жақсы таныс, жағдайы мүшкіл жол. Биыл оның шамамен 3 шақырымына қиыршық тас төселіп, жол жағдайы шамалы жақсарып еді. Алайда, жұмыс осы жерден тоқтап қалды. Жолдың жағдайы нашар деуге келмейді, ол мүлдем жоқ”.
Белгілі болғандай, бұған дейінгі мердігер ұйым алдын ала төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін жаңа мердігер анықталып, жұмысты жергілікті компания қолға алған. Жол келер жылы толық жөнделеді деп жоспарланып отыр.
ЕРЛАН ЖАРОВ – Тимирязев ауданының әкімі:
– “Мемлекеттік сатып алудың жаңа рәсімін өткіздік. Нәтижесінде «Ашық аспан» компаниясы мердігер болып анықталды. Қазіргі уақытта олар үш шақырым жолды жөндеді. Бұл жұмысқа 150 млн теңге бөлінді. 2027 жылы «Тимирязево–Докучаево» жолын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы келесі жылы қажетті қаржының 100 пайызын бөлетінін растады”.
Өңір басшысы көтерілген мәселелерді ерекше бақылауға алуды жауапты басқарма басшыларына тапсырды.