Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есімі ел жадында мәңгі сақталатын арда азамат

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Тарихқа терең бойлап, ұлттың өткенін зерделеу – қажырлы еңбек пен зор жауапкершілікті талап етеді. Осы жолда аянбай еңбек етіп, бар ғұмырын ғылымға арнаған көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр. Ол қазақ тарихының ақтаңдақтарын зерттеп, талай тарихи шындықтың жаңғыруына жол ашты. Арда азаматтың артынан қалған мол мұра – бәрімізге аманат және асыл қазына”.

Айтулы дата ұлт жанашырының есімі берілген жергілікті университетте кең көлемде аталып өтті. Салтанатты жиын біртуар тұлғаның ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Аманжол Күзембайұлы – Манаш Қозыбаевтың жиені. 40 жыл бойы жанында жүрген. Азамат нағашысының жолын қуыпты. Тарих ғылымдарының докторы. Ондаған кітапты жарыққа шығарған.

АМАНЖОЛ КҮЗЕМБАЙҰЛЫ, М.Қозыбаевтың жиені, Қостанай қаласы:
–  “Әрдайым ғылымға адал бол, ешкімнің ала жібін аттама дейтін. 80 жасқа келдік. Біреуге жамандық істеп көрген адам емеспін. Манаш ағамның өздері құлағымда тұрады. Осы күнге дейін Манаш Қозыбаевты жамандаған жанды көрген жоқпын.

Кейін шараға қатысушылар 1-корпустың акт залына ойысты. Мұнда “Жұлдызы жанған ғұлама” атты конференция өтті. Салтанатты шараның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ашты. Жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады, Манаш Қабашұлының елге сіңірген еңбегіне тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Манаш Қозыбаевтың ғылыми және қоғамдық қызметі ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына елеулі ықпал етті. Ол елге адалдықтың нағыз үлгісін көрсетті.

Манаш Қозыбаев – 800-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Кеңестік заманның саясатынан қаймықпаған. Туған жердің байлығы, Ұлы Отан соғысында жеңіс жолында аянбай күрескен жандардың ерліктерін жарыққа шығарды. Біртуар тұлғаның арқасында 120-ға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғаммен қауышты. Сонымен қатар, ол ондаған жас зерттеушінің ғылым жолына түсуіне ықпал етті. Соның бірі – тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садық. Ол 10 жыл бойы Манаш Қабашұлының жанында жүрген. Тәлім алған, бірге ел тарихын зерттеген.

ТІЛЕГЕН САДЫҚ, тарих ғылымдарының докторы, Астана қаласы:
– “Манаш Қозыбаев қоғам қайраткері болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған бірнеше тұлғаны ақтап шықты. “Манаш аға тарих ғылымының жаңа методологиялық тұжырымдамасының іргетасын қалады”.

Манаш Қозыбаевтың “Тұлғалар тұғыры” деген кітабында “Өлім екі түрлі болады. Біреуі – табиғи, екіншісі – рухани өлім” деп жазылған. Сондықтан Манаш Қабашұлының ел жадынан ұмытылмайды. Ол өзінің артынан өшпес із, өлмес мұра, ұрпаққа өнеге боларлық мол рухани қазына қалдырды.

Нурасыл Ахмет