9 бен 11-ші сынып оқушыларына арналған республикалық білім додасы биыл 4-ші рет ұйымдастырылды. Сайыстың мектеп деңгейіндегі кезеңіне 2 жарым мыңнан астам оқушы қатысқан. Оның 2 мыңға жуығы аудандық кезеңге жолдама алса, мыңға жуығы облыстық сында бақ сынады. Бүгін шешуші кезеңде білімімен озған 180 жеңімпаз бен жүлдегер марапатталды.
БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:
– “1-ші орынды – Уәлиханов, 2-ші орынды – Айыртау, 3-ші орынды Жамбыл ауданы иеленді. Алда республикалық кезең күтіп тұр. Осы жексенбіде қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 33 оқушы Астанаға аттанады. Ал желтоқсан айында математикалық бағыт бойынша оқушыларымыз қатысады”.
Еркежан Нұран Есіл ауданындағы Тауағаш орта мектебінде оқиды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған жас максималды 100 ұпайдың 100-ін жинап, өз қатарластары арасында үздік атанды.
ЕРКЕЖАН НҰРАН, Тауағаш орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
– “Бізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде 2 кезең болды. 1-ші кезеңде эссе жаздық, 2-ші кезеңде 5 тапсырма болды. 4 тапсырмасы жазбаша және 5-шісі – айтылым. Жалпы, соңында 100 балл алдым. Былтыр да пәндік олимпиадаға қатыстым, облыстық кезеңнен өткенмін. Облыстық кезеңге өткенімді білгенде ең бірінші қуанған адам – жетекшім болды. Сол кісінің арқасында осы мақсатқа жеттік”.
Жансая Мұстафина Мамлют ауданындағы Бексейіт орта мектебінің намысын қорғады. Биыл мектеп бітіретін түлек болашақ мамандығын да айқындап қойған. Арманы – география пәнінің мұғалімі атану. Олимпиадада таңдаған пәні де болашақ мамандығымен байланысты.
ЖАНСАЯ МҰСТАФИНА, Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:
– “Олимпиада жақсы деңгейде өтті. Кейбір жазбаша тапсырмаларда қиындық туындағанымен, маған олимпиада ұнады. Мен 3-ші орын иегері атандым. ҰБТ-дағы пәнім де болғандықтан, бәрін оқып, қайталап, олимпиадаға жақсы дайындықпен кірдім”.
Білім додасы 13 пән бойынша екі бағытта ұйымдастырылды. Олар – жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 59 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.
Аружан Султанова