Спорт

Әлем чемпионатында атой салған теріскейлік құтқарушылар Петропавлға оралды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Бұрын облыста өрт сөндіру-құтқару спортының қарқыны бәсең еді. Халықаралық дода былай тұрсын, республикалық жарыстарда тұғырдан көрінбейтінбіз. Қазір жағдай мүлде басқаша. Аталған спорт түрінен елде алдыңғы орындамыз. Ел біріншіліктерінен теріскейліктер медальсыз қайтпайды. Тіпті, әлем чемпионатында ұлттық құраманың сапында атой салған толағайларымыз бар”.

2-8 қараша күндері Әзербайжан астанасы Баку қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 17 мемлекеттен келген 160-қа жуық спортшы қатысты. Барлығы – “Сен тұр, мен атайын” дейтін кіл мықтылар. Бәсі биік бәсекеде қатысушылар 4 дисциплина бойынша бақ сынады. Жарыстың соңғы күнінде “жауынгерлік қанат жаю” бағыты бойынша сайыс өтті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы басқаларынан оқ бойы озық болды. Жаһандық рекорды жаңартты.

ЖАСҰЛАН ҚАЙСАРБЕКОВ, өрт сөндіру-құтқару спортынан ұлттық құраманың бас бапкері:
– “Жауынгерлік қанат жаю” дисциплинасы бойынша әлемдік рекорд Чехия мемлекетіне тиесілі болды. 10 жыл бойы мұрты бұзылмады. Біз әлем чемпионатында рекордты 2 секундқа жаңарттық.

Әлем чемпионатында атой салған ұлттық құраманың сапында қос солтүстікқазақстандық спортшы өнер көрсетті. Жеңімпаз атануға зор үлес қосты. Солардың бірі – Илья Денисенко. Чемпионның өрт сөндіру-құтқару спортымен айналысып жүргеніне 5 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде бірнеше рет ел чемпионатында топ жарған. Ол жаһандық бәсеге алғаш рет қатысыпты.

ИЛЬЯ ДЕНИСЕНКО, өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионы:
– “Біз жыл бойы спортпен айналысамыз. Күніне екі рет жиналып, машығымызды шыңдаймыз. Әлем чемпионатының алдында Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Құрамаға енген спортшылармен дайындалып, бір-бірімізге үйреністік. Дүбірлі дода өткен Баку қаласына ерте бардық. Жарыс алаңына, климатқа бейімделдік. Бұл спортшы үшін маңызды фактор болып саналады.

Ұлттық құрама өкілдері жалпыкомандалық есепте 3-ші орынға тұрақтаған. Айта кету керек, облыста өрт сөндіру-құтқару спортымен 15 адам айналысады. Қазір олар қаңтарда өтетін ел біріншілігіне дайындалып жүр.

Нурасыл Ахмет