СҚО-да онкологиялық аурулар көбейіп барады. Мамандардың айтуынша, дертті ерте кезеңде анықтау емнің нәтижесіне тікелей әсер етеді. Осыған орай облыстық онкологиялық орталықта профилактикалық апта аясында баспасөз конференциясы өтті. Жиында өңірдегі онкологиялық ахуал, аурудың негізгі қауіп факторлары мен емдеу мүмкіндіктері сөз болды.
МӘЛІК СЕКСЕМБАЕВ, облыстық онкологиялық орталықтың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
– “Бүгінде онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің заманауи мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, профилактикалық тексерулер мен скринингтік бағдарламалардың маңызы зор. Өңірде өкпе обыры, ерлер арасында қуықасты безінің қатерлі ісігі және сүт безі обыры жиі кездеседі. Сондықтан халықтың осы аурулар туралы хабардарлығын арттыру маңызды”.
Мамандар келтірген мәліметке сүйенсек, биылғы 9 айда өңірде онкологиялық аурудың жаңа 296 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылы анықталған жайттарға қарағанда 30 жағдайға, яғни аурушаңдық деңгейі 12,6 пайызға артқан. Қазір облыс бойынша 12 мың 300-ден астам адам онкологиялық есепте тұр.
ЖІГЕР ДҮЙСЕНОВ, облыстық онкологиялық орталықтың меңгерушісі:
– “Өкінішке қарай, онкологиядан болатын өлім-жітімде де өсім бар. Биылғы бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 87,9-ды құрады. Былтыр 86 болған. Дегенмен онкологиялық қызметтің негізгі міндеті – ауруды мүмкіндігінше ерте анықтап, уақытылы ем жүргізу. Қазір бізде осы бағытта кешенді жұмыс атқарылып жатыр”.
Дәрігерлер өлім-жітім көрсеткішіне әсер ететін факторлардың бірі – өңірдегі демографиялық жағдай екенін айтады. Облыста егде жастағы тұрғындардың үлесі жоғары. Яғни, адам қартайған сайын оның қатерлі дертке шалдығу ықтималдылығы де арта түседі екен.
ОЛЕГ ДУДЯК, дәрігер-онколог:
– “Өлім-жітім көрсеткішін бағалағанда бір маңызды жайтты ескеру керек. Қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың барлығы биыл ғана анықталған науқастар емес. Олардың арасында бірнеше жылдан бері есепте тұрған адамдар да бар. Қазір емдеу мүмкіндіктері едәуір кеңейді. Бұрын өмір сүру ұзақтығы аз болған аурудың асқынған түрлерімен де науқастар қазір 5 жыл және одан да ұзақ өмір сүре алады”.
Өкпе обыры әсіресе 50 мен 70 жастағы азаматтардың арасында анықталған
Өңірде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі – өкпе обыры. Биыл анықталған 296 жайттың 199-ы өкпе дерті құрап отыр. Оның 80-іне аурудың үшінші сатысы қойылған. Бұл кезеңде хирургиялық жолмен емдеу мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі. Мұндай деңгейге жетуді басты себебі – аурудың бастапқы кезеңде айқын белгісіз өтуі.
Аталған дерт әсіресе 50 мен 70 жастағы азаматтардың арасында анықталған.
РАШИД АЛИЕВ, облыстық онкологиялық орталықтың торакалды хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
– “Өкпе обырына шалдығудың негізгі себептерінің бірі – темекі шегу. Ғылыми деректерге сүйенсек, өкпе обыры жағдайларының шамамен 90 пайызы осы әдетпен байланысты. Аурудың алғашқы сатыларында науқаста айқын белгілер болмауы мүмкін. Сондықтан ұзаққа созылған жөтелге, өкпенің жиі қабынуына бейжай қарауға болмайды. Жыл сайын флюорографиялық тексеруден өту маңызды. Егер ауру бірінші немесе екінші сатыда анықталса, хирургиялық емнің нәтижесі әлдеқайда тиімді болады”.
Өңірде онкологиялық ауруларды ерте анықтаумен қатар, диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге де басымдық беріліп отыр. Жақында облыстық онкологиялық орталық жанынан жаңа сараптамалық эндоскопиялық орталық ашылды. Мұнда заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Жаңа орталық асқазан-ішек жолдарын эндоскопиялық зерттеуден өткізіп, ондағы өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Жансая Дербисова