ҰЛАН ЫДЫРЫС: тілші:
Құзырлы орган өкілдері рейд барысында газ баллондарын пайдалану тәртібін, электр сымдарының жай-күйін және эвакуациялық жолдардың ашық болуын тексерді. Тексеріс кезінде бірқатар кемшілік анықталды. Атап айтқанда, жатақхананың бірінші қабатындағы апаттық шығу есігін үй-күйсіз жүрген азамат паналап, есіктің ашылуына кедергі келтірген. Соның салдарынан қосалқы шығу жолы толықтай жабылып қалған.
Мамандардың айтуынша, рейдтің жатақханада өтуі кездейсоқ емес. Себебі, мұндай нысандарда тұрмыстық газ баллондарын пайдалану салдарынан өрт шығып, жарылыс болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар тұрғындардың өмірі мен денсаулығына орасан зор қауіп төндіреді.
ЕРЖАН ШӘРІПОВ, қалалық ТЖБ бастығы:
– “Жатақханаларда газ баллондарының жарылу оқиғалары жиі тіркеледі. Ал көпқабатты тұрғын үйлерде оны қолдануға тыйым салынған. Тек екіқабатты үйлерде газ баллондарын бірқатар талапты сақтай отырып пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, мұндай ғимараттарда эвакуациялық жолдар дәліз арқылы өтеді. Эвакуациялық жолдарда жиһаз, жанғыш материалдар, велосипедтер мен балалар арбалары тұрмауы керек. Егер олар бөгде заттармен жабылса, бұл барлық тұрғынға қауіп төндіреді”.
Бұл жатақханадан бөлек мамандар тағы 2 нысанды аралауды жоспарлап отыр. Олардың ішінде колледж жатақханасы мен хостел бар. Айта кетейік, жалпы рейд барысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі сақталмауының 10-ға жуық дерегін анықтады.
Улан Ыдырыс