Петропавлда грек-рим күресінен Париж Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев шеберлік сабағын өткізді. Талай додада атой салған чемпионның ақыл-кеңесін бозкілемді қоршай отырған жас палуандар ұйып тыңдады. Жай ғана тыңдап қойған жоқ. Ел мақтанышы көрсеткен әдістерді кірпік қақпай тамашалады.
Құрметті қонақ ретінде Демеу Жадыраев Петропавлға алғаш рет ат ізін салды. Атақты бозкілем шебері жас палуандарды көріп, марқайып қалыпты. Ол елімізде, соның ішінде өңірімізде спорттың даму қарқынын жоғары бағалайды.
ДЕМЕУ ЖАДЫРАЕВ, 2024 жылғы Париж Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:
– “Қазақта күрес бұрыннан бар. Аталарымыз, ағаларымыз елімізді әлемге танытты. Солтүстік Қазақстан облысы өзімді таңғалдырып отыр. Бүгін осынша бала келеді деп ойламадым”.
Грек-рим күресімен айналысатын балалар күрес әліппесінің жаңа парағын ашты десек болады. Олар Демеудей майталманмен күнде кездесіп жатқан жоқ. Құрметті қонақ жастарды жігерлендіре түсті.
Шеберлік сабағына өзге елдердің жас палуандары да қатысты. Олар Петропавлда 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында өтетін грек-рим күресінен ашық республикалық жарысқа келді. Турнир ішкі істер органдарының ардагері Асылбек Мұстафинді еске алуға арналған. Додада қазақстандық және шетелдік 150-ден астам спортшы бақ сынайды.
ДАНИЯР ҚАЛЕНОВ, жекпе-жек бойынша облыстық мамандандырылған БЖСМ директоры:
– “Басқа елдерден де палуандар келуде. Балалар Армения, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстаннан келді. Демеу ағамызға алғыс айтамыз”.
Ішкі істер органдарының ардагері Асылбек Мұстафинді еске алуға арналған жарыста палуандар 12 салмақ дәрежесі бойынша күреседі. Жеңімпаздар жұма күні анықталады.
Байболат Култанов