Ішкі істер органдарының ардагері Асылбек Мұстафинді еске алуға арналған ашық республикалық турнир Александр Винокуров спорт сарайында өтіп жатыр. Аты аталған азамат жауапты салада 27 жыл еңбек етті. Жай ғана тер төккен жоқ, өңірімізде күрестің дамуына сүбелі үлес қосты, шәкірт те тәрбиеледі.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Баршаңызды Асылбек Мұстафинді еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнирдің салтанатты ашылуында шын жүректен қарсы алуға қуаныштымын! Бүгін Петропавл қаласында еліміздің әр өңірінен келген жас балуандар бас қосып отыр. Бұл жарыс қатысушылар үшін өз шеберліктерін көрсетуге, құнды тәжірибе жинақтауға, достық қарым-қатынасты нығайтуға және өзара сыйластықты арттыруға тамаша мүмкіндік болатынына сенімдімін.”.
Ашық республикалық турнирдің деңгейі жоғары. Жарысқа палуандары әлемдік додаларда топ жарып жүрген Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және Ресей сынды елдердің жастары келді. Оларға Қазақстанның 5 облысы мен Алматы, Астана сынды қалаларының спортшылары қарсы тұрады. Палуандар турнирде 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.
ДАНИЯР ҚАЛЕНОВ, жекпе-жек бойынша облыстық мамандандырылған БЖСМ директоры:
– “Сайыс 2012-2014 жылғы жасөспірімдер арасында өтуде. Жарыстың деңгейі жылдан-жылға артып келеді”.
Бозкілемде 32 келі салмақ дәрежесіндегі палуандар қола үшін белдесуде. Ортадағы екі жас спортшы да бір-біріне дес берер емес. Бірақ бәсеке соңына қарай М.Жұмабаев ауданының өкілі Алдияр Дүйсебек жігерлі жеңіске қол жеткізді.
АЛДИЯР ДҮЙСЕБЕК, қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:
– “Күреспен 2 жылдан бері айналысып жүрмін. Турнирде 4 белдесу өткіздім. Үшеуінде жеңіске жетіп, қола медаль ұтып алдым”.
Сайыс 2 күнге жоспарланған. Ертең – жарыстың қорытынды кезеңі. Турнир соңында барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерге медальдар мен арнайы сыйлықтар табысталады.
Улан Ыдырыс