Денсаулық сақтау

Қазақстанда психологтардың жаңа әдеп кодексі қабылданды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Психолог – адамның жандүниесін түсініп, қиын сәтте қолдау көрсететін маман. Сондықтан бұл салада кәсіби біліммен қатар, жауапкершілік пен әдеп нормаларын сақтау да айрықша маңызды. Енді Қазақстанда психологтардың қызметіне ортақ талаптар белгілейтін кәсіби әдеп кодексі енгізілмек. Құжат мамандардың жұмыс істеу тәртібін айқындап қана қоймай, психолог пен клиент арасындағы сенім мен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған”.

Өмірде келеңсіз оқиғаларға тап болып, күйзеліске ұшыраған адам психологқа зор сеніммен келеді. Өйткені, маманға жеке басына қатысты мәселелерді, отбасылық жағдайы және жандүниесіндегі қиындықтарды ашық айтады. Мұндай ақпараттардың құпия сақталуы – кәсіби этиканың басты талаптарының бірі. Құжат 17 қараша күні күшіне енеді. 20 жылдан астам тәжірибесі бар психолог Дмитрий Агапов жаңа кодекспен толықтай танысып шығыпты.

ДМИТРИЙ АГАПОВ, психолог:
– Жаңа әдеп кодексінде жоғары психологиялық білімі бар адам ғана психолог бола алады деп жазылған. Мәселен, өзімнің жеке орталығымда 10-нан астам маман жұмыс істейді. Кейбірі тек біліктілікті арттыру туралы курстардан өткен. Енді олар университетке “Психология” мамандығына түсуі тиіс. Бұл өзгерістің нәтижесінде тұрғындардың психологқа деген сенімі артады”.

Жаңа кодекстің нәтижесінде алаяқтар мен біліксіз коучтарға тосқауыл қойылады – маман

Алда енгізілетін әдеп кодексіндегі басты талаптың бірі – көмекке жүгінген адамға уәде бермеу. Енді психологтар жұмысын жарнамалағанда нақты бір нәтижеге жетесіз деп кепілдік бере алмайды. Бұған заңды түрде тыйым салынады. Одан бөлек, медициналық диагностика жүргізіп, ем тағайындауға құқығы жоқ. Облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Ирина Якимова жаңа құжат қоғамда қаптап кеткен коучтар мен интернет алаяқтарды азайтуға көмектеседі деп есептейді.

ИРИНА ЯКИМОВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы:
– Мен өзім мемлекеттік мекемеде жұмыс істесем де пациенттерге ешқашан уәде бермеймін. Сонымен қатар, медициналық ем тағайындамаймын. Тек науқаспен сөйлесіп, дәрігерге ұсыныс тастаймын. Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі коучтарға алданып, қомақты қаражаттан айырылғандар қаншама. Бір жылдың ішінде маған қулардың арбауына түскен 10-нан астам адам келді”.

Айта кету керек, талапқа мойынсұнбаған мамандар заңды жауапкершілікке тартылады. Жаңа құжат психологтардың жауапкершілігін арттырып, қызмет алушылардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Қала тұрғындары жаңа бастаманы қолдайды. Себебі, психологқа жүгінген әр адам өз мәселесінің құпия сақталып, шешілгенін қалайды.

Психологтардың әдеп кодексін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Жоба 6 тарау мен 29 тармақтан тұрады. Оны ведомство өкілдері білікті мамандармен бірлесіп, 1 ай бойы дайындаған. Қоғамдық талқылауға да шығарылды. Сондықтан жаңа құжат оң нәтиже көрсететіне сенім мол.

Нурасыл Ахмет