Мәдениет

Ерекше балалардың қолданбалы өнер көрмесі

Көздің жауын алатын ерекше бұйымдар көрме төрінен орын алды. Оқушылар сарайында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында сәндік қолданбалы өнер бойынша облыстық байқау-көрме өтті. Шығармашылыққа жаны құмар 300 қолөнер иесі өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

ЛЮБОВЬ ФОМИЧ, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері:
– “Байқауды өткізудегі басты мақсатымыз – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығын дамыту. Оларға өз өнерлерін көрсетіп, қабілеттерін танытуға мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл байқау – балалар үшін өз жұмыстарын көпшілікке ұсынатын жақсы алаң”.

Көрмеге 6-15 жас аралығындағы балалардың еңбегі ұсынылды. Іс-шара 6 номинация бойынша ұйымдастырылды. Аққайыңдық София Белованың туындысы көптің назарын аудартты. Жас шебер өзінің қиялын тоқыма жіп арқылы бейнелеген.

ҚОРЛАН ДОСМАҒАНБЕТОВА, Смирнов мектеп-гимназиясының мұғалімі, Аққайың ауданы:
– “Көрмеге 5-сыныпта оқитын оқушымның жұмысын алып келдім. Бұл туынды «Жіптен жіпке» номинациясы бойынша дайындалған. Жұмыс жіппен тоқу, яғни ниткография техникасында орындалды. Оны жасауға біраз уақыт пен шыдамдылық қажет. София әр бөлшегіне ерекше мән беріп, бар ынтасымен жасады”.

Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушы дипломдармен марапатталады. Қазылар алқасының шешімі шыққан соң, нәтижелер орталықтың ресми сайтында жарияланады.