Ауыл шаруашылығы саласын әлі де жетілдіре түсуге болады. Бұл ретте таудай талапты жастардың да ұсыныс-тілектерін ескеру қажет. Өткен мен бүгінді сабақтастырған, заманауи технологияны тереңнен меңгерген Мағжан сенген қыз-жігіттер агросекторға жаңашылдық әкеле алады. Бұған “Qyzyljar” креатив орталығында өткен «AGROTECH BATTLE» атты байқауда көз жеткіздік. Мұнда жергілікті жастар экономиканың маңызды бағытын дамытуға негізделген жобаларын таныстырды.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, SKO Hub директоры:
– “Мұндай әзірлемелердің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жеңілдету. Ал біздің көздегеніміз – әзірлеушілер мен технологиялық шешім ұсынушыларды болашақ тапсырыс берушілермен, яғни агросектор өкілдерімен және мемлекеттік органдармен байланыстыру. «AGROTECH BATTLE» сияқты байқаулар қатысушыларға өз идеялары мен жобаларын көпшілікке танытуға, тәжірибе кезінде қолдануға мүмкіндік береді”.
Байқауға 61 өтінім келіп түскен. Алдын ала іріктеуден кейін финалға ең үздік 15 жоба өтті. Креатив орталыққа келген жандар соңғы кезеңге жолдама алған жұмыстармен танысты. Қозыбаев университетінің студенті Нариман Сүлейманов фермерлердің жұмысын жеңілдетуді қалайды.
НАРИМАН СҮЛЕЙМАНОВ, Қозыбаев университетінің студенті:
– “Қазір 2 жобамды қорғаймын. Бірінші жоба – “AgroAnytick”. Бұл – арнайы индекстік карта арқылы белгілі бір жерлердегі өсімдіктердің жағдайын зерттеуге арналған технология. Екінші жоба – “Agroskilltracker”. Бұл – фермерлерге арналған мобильді қосымша. Ол адамдарды фермер болуға және осы салада жұмыс істеуге үйретуге арналған бағдарлама”.
Нариман сынды жастарымыз ұсынған жобалардың ауқымы кең. Мұнда жасанды интеллекттен бастап, мал мен өсімдік шаруашылығын, тіпті логистиканы басқаруға арналған IT-жобалар таныстырылды. Мәселен, қатысушылардың бірі мал саудасы кезінде келісімшарттарды қауіпсіз сақтауға арналған цифрлық жұмысы жайлы айтып берді.
ТАРАС КЛЫШИН, бағдарлама әзірлеуші:
– “Бүгін “DALA HOLD” жобасын ұсынып отырмын. Ол фермерлер арасындағы келісімдерді қауіпсіз жүргізуге арналған. Қысқаша түсіндірейін, бір шаруа мал сатса, екіншісі сатып алады. Екеуі де бірдей құжаттар мен келісім шарттарын алады. Құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған соң, барлық ақпарат “Solana” блокчейнінде сақталады. Бұл қос тарапқа да шарттарын көріп, мәміленің ашық болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, арнайы жүйе арқылы төлем тиісті жұмыстар толық аяқталғанға дейін сақталып, кейін сатушының шотына аударылады”.
Есіл ауданынан келген жас өнертапқыш Кирилл Панкратов та ауыл шаруашылығына арналған «Agro Lens.kz» жобасын таныстырды. Жоба егістік алқаптарын бақылап, өсімдік аурулары мен зиянкестерді жасанды интеллект арқылы анықтауға көмектеседі.
КИРИЛЛ ПАНКРАТОВ, оқушы, Есіл ауданы:
– “Мен өзім ауылда тұрамын. Ағам агроном болып жұмыс істейді. Ол үнемі егіс алқабында жүреді. Әсіресе егін жинау науқаны кезінде күні-түні далада болады. Осыны көріп, агрономдардың жұмысын жеңілдететін жасанды интеллект құру идеясы пайда болды. Яғни, адамның орнын басатын емес, керісінше, ісін жеңілдетіп, міндеттерін тиімді әрі жылдам орындауға көмектесетін технология жасағым келді”.
Кириллдің еңбегі ақталды. Ол облыстық байқаудың жеңімпазы атанып, қанжығасын 150 мың теңгемен майлады. Ал екінші және үшінші орын иегерлеріне 100 және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.