Заң

«Қызылжар» ФК экс-президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды

Қазынадан қаражат жымқырған және салық төлеуден жалтарған! «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Қолда бар дерекке сүйенсек, ол 414 млн теңгеден астам ақшаны қалтасына басқан. Сонымен қатар, салық төлеу кезінде түрлі айлаға барған. Қазіргі таңда күдікті әріптестерімен бірлесе әрекет етті деген болжам бар.

ДИАС ҚАБЕШ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:
– “2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Тергеу дерегіне сай, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған, қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған. Сондай-ақ, бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтердің енгізілуін қамтамасыз еткен”.

Григорий Лория ел аумағынан шығып кеткен. Шет мемлекеттердің бірінде, нақтырақ айтсақ Австрияда тұрып жатыр деген мәлімет бар.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері іздеу салынған азаматтың қайда жүргені туралы дерекпен бөлісуді сұрайды. Егер мәлімет шындыққа сәйкес келіп, тұлғаны анықтауға көмегі тисе, ақпарат ұсынушыға сыйақы ұсынылады.

Байболат Култанов