Қиялында шек жоқ, ойы жүйрік, дүниетанымы кең шалқар шабыт иесі. Петропавлда Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрбек Жәрдемовтің «Ақжайық өлкем» атты жеке көрмесі өтті. Батысқазақстандық суретші көрермен назарына 50-ге жуық картина ұсынды. Аты айтып тұрғандай, көбінесе ол өз суреттерінде туған жерін, күнделікті тұрмыс-тіршілікті бейнелеген.
НҰРБЕК ЖӘРДЕМОВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:
– “Жаз айларында Қостанайда және Астанадағы Ұлттық музейде жеке көрмем өтті. Солтүстік өңірге де жұмыстарымды әкелгенді жөн көрдім. Суретші үшін жаңа суретшілермен, елдің тарихымен және табиғатымен танысу қызықты. Мен шабытты күтіп отырмаймын. Көбінесе шығармашылығымды тұрмыс-тіршілікпен байланыстырамын. Көрермендердің туындыларымнан маңызды дүниелерді көре алуы мен үшін аса маңызды.”
Нұрбек Жәрдемов биыл 55 жасқа толды. Сурет салумен айналысып жүргеніне 40 жылдан асқан. Бір қарағанда, қарапайым суреттер. Алайда әр картинаға үңілсек, оның астарында терең мән-мағына жатыр. Қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілген. Дәлірек айтсақ, кейбір туындыларда жемқорлық, адамдардың қарым-қатынасы жайлы бейнеленген. Шараға келуші жандардың санында шек болған жоқ. Әрқайсысы шалқар шабыт иесінің суреттеріне жоғары баға берді. Айта кету керек, теріскейліктер 2 ай бойы “Ботай” арт-галереясына келіп, суретшінің туындыларын тамашалай алады.
Сандугаш Кайырбек