Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: “Қазақ елі барда қазақ тілі ешқашан тұғырдан түспейді”

“Қазақ елі барда қазақ тілі ешқашан тұғырдан түспейді”. Астанада Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының 10-шы құрылтайы өтті. Алқалы жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің болашағына алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтты. Ана тілдің ғылым мен технологиядағы қолданысын кеңейту, ұлттық мұраны цифрландыру және қазақша контентті көбейту мәселелеріне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, жыл өткен сайын қазақ тілінің өрісі кеңейіп келеді. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек”.

2027 жылы қазақ тілінің орфографиялық сөздігі жаңарады

Алайда қазақ тіліндегі емле нормаларын біріздендіру мәселесі әлі де өзекті. Қолданыстағы ресми орфографиялық сөздік сонау 1983 жылы бекітілген. Содан бері бірнеше жаңа терминдер жинағы жарық көргенімен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде мақұлданбаған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы емле қағидаларын қайта зерделеп, орфографиялық сөздікті жаңартуды тапсырды. Маңызды іс 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады. Соңғы жылдары ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейе түскендей. Қазақ тілінің мәртебесі Конституцияда тайға таңба басқандай жазылған. Ата заңда мемлекеттік тілдің басқа тілдерден жоғары екені анық көрсетілген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– “Мемлекеттік беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Сондықтан экономикамызды дамыту қажет”.

Тағылымы мол алқалы жиынға облыстан 11 адам қатысты. Оның ішінде зиялы қауым өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері бар. Делегацияны аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бастап барды. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов шарадан ерекше әсер, мол рухани азық және зор шабыт алғанын жеткізді. Алдағы уақытта өңірде Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау үшін жүйелі жұмыс жүргізіледі.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:
– “Облысымызға тән диалект сөздерді зерттейміз. Алдағы уақытта жаңа орфографиялық сөздікке енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта жергілікті тіл жанашырларымен бірге жұмыс істейміз.”.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Қазақ тілінің болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында. Ал оның өрісі кеңейіп, қолданыс аясы артуы үшін тек мемлекеттік қолдау жеткіліксіз. Тілдің тазалығын сақтау, сауатты жазу, сапалы контент қалыптастыру – әр азаматтың міндеті. Президент атап өткендей, қазақ тілі заман талабына сай дамып, ғылым мен технологияның да тіліне айналуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады”.

Нурасыл Ахмет Матвей Колесников, Телеканал МТРК