Қоғам

Кәсіпкер әйел: Бизнестің жаңа мүмкіндіктері

Бүгінде кәсіпті дамыту үшін жаңа идея ғана емес, оны жүзеге асырудың заманауи тәсілдерін де білу қажет. Әсіресе әлеуметтік желідегі жарнама, онлайн сауда мен цифрлық құралдар кәсіпкерлер үшін маңызды мүмкіндіктерге айналды. Петропавлда осы мақсатта нәзікжандыларға арналған арнайы оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 150-ге жуық әйелді оқыту көзделген.

МАРАТ ЫСҚАҚОВ, СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– “Облыс әкімдігінің қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған оқыту бағдарламасын бастадық. Қатысушылар 6 бағыт бойынша білім алады. Сабақтарда жасанды интеллектіні пайдалану, маркетплейстерде және әлеуметтік желілерде жұмыс істеу жолдары үйретіледі. Бағдарлама тек оқытумен шектелмейді. Алдағы уақытта қатысушыларға кәсіптерін дамыту бағытында қолдау көрсетеміз”.

Қазіргі кезеңде қатысушылар «Құндылық формуласы» және «Сату автопилоты» бағыттары бойынша білім алып жатыр. Бірінші бағыт өнімнің ерекшелігін анықтап, оны бәсекелестерден даралауға және клиент сенімін арттыруға бағытталған. Ал екіншісінде сату жүйесін қалыптастыру, жарнама жүргізу және тұрақты тұтынушылар тарту тәсілдері қарастырылады.

ВИКТОРИЯ ГЕРГЕНРЕДЕР, digital-маркетолог:
– “Мен digital-маркетинг саласында 3 жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Қатысушылармен әлеуметтік желіде бизнесті ілгерілету жолдарын қарастырамыз. Мақсатты аудиторияны анықтау, қандай контент түсіру, клиентпен қалай байланыс орнату керектігін үйретемін. Сонымен қатар, жарнаманы нөлден бастап, іске қосу және оның нәтижесін талдау бойынша практикалық сабақтар өткіземіз. Оқыту аяқталғанда әр қатысушы өз бизнесіне арналған дайын digital-стратегиясын әзірлейді”.

Бұл білімді игеріп жүргендердің қатарында кәсібін бірнеше жылдан бері жүргізіп келе жатқан әйелдер де бар. Солардың бірі – Ақжайық Ботаева. Ол шаштараз саласында 16 жылдан бері қызмет етеді. Осы уақытқа дейін клиенттермен WhatsApp арқылы байланысып, кәсібін сол арнада дамытқан. Ал жаңа оқыту бағдарламасы әлеуметтік желідегі мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жол ашқан. Қазір ол Instagram парақшасын белсенді жүргізіп, цифрлық маркетингтің жаңа тәсілдерін меңгеріп жатыр.

АҚЖАЙЫҚ БОТАЕВА, кәсіпкер:
– “Өз кәсібімді одан әрі дамыту мақсатында осы бағдарламаға қатысып жатырмын. Бұған дейін Business Plus курсын аяқтап, қазір білімімді жетілдіруді жалғастырып келемін. Сабақ барысында қаржылық сауаттылық, салық жүйесі, бизнесті жүйелі жүргізу және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу жолдарын үйреніп жатырмыз”.

Мұндай бағдарлама келесі жылы да жалғасын таппақ. Қатысушылар оқу барысында алған білімдерін өз кәсібінде қолданып, жаңа клиенттер тартуға және қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік алады. Алдағы уақытта оларды оқытумен қатар, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету де көзделген.

Жансая Дербисова