Қоғам

Қалдықты кәдеге жарату – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бағыты

Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және қалдықтарды қайта өңдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасын дамыту барысында экологиялық жауапкершілікті естен шығармау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте өндіріс орындарының табиғатқа түсетін салмақты азайтып, заманауи технологияларды енгізуі маңызды. Петропавлдағы “Радуга” серіктестігі осы бағытта жұмыс істеп келеді. Осы ретте кәсіпорынға арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы келді. Олар серіктестік жұмысшыларына Президент Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, ақпараттық-түсіндіру тобының өкілі:
– “Кездесу барысында кәсіпорын жұмысшыларына Президент Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтар түсіндірілді. Атап айтқанда, отандық өндірісті қолдау, өңір экономикасын дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тоқталдық. “Радуга серіктестігі қайталама шикізатты қайта өңдеу арқылы осы бағыттарға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, кәсіпорында балалардың экологиялық сауаттылығын арттыруға да көңіл бөлінеді. Оларға пластик қалдықтарын сұрыптау, қайта өңдеу және одан жаңа өнім алу жолдары түсіндіріледі”.

“Радуга” серіктестігінің атқарушы директоры Петр Шарапаевтың айтуынша, кәсіпорында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жұмыстарды кеңейту жоспарланып отыр.

ПЕТР ШАРАПАЕВ, “Радуга” ЖШС атқарушы директоры:
– “Бүгінде кәсіпорнымыз екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, қағаз бен картон қабылдап, қайта өңдеуге жібереміз. Сонымен қатар, пластмасса, полиэтилен қаптар мен құрылыс қалдықтарын да қабылдау жоспарымызда бар. Қазіргі таңда біздің жұмысымыздың нәтижесінде айына шамамен 600 тонна қалдықты полигонға жеткізбей өзімізде өңдейміз”.

Кездесу соңында кәсіпорын жұмысшылары өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сондай-ақ, қос тарап Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға қатысты пікір алмасты.

Улан Ыдырыс