Қоғам

Жаңа жоба: Петропавлда AI-кеңсенің таспасы қиылды

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударды. Жаңа кеңсе де осы бағыт аясында жұмысын бастап отыр. Орталықта тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі кедергісіз алуға барлық жағдай жасалған. Арнайы жабдықталған аймақтарда құжат рәсімдеп, қажетті анықтамаларды онлайн форматта өз бетінше алуға болады.

АРМАН КЕНЖЕҒАЛИЕВ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы:
– “Статистикаға сүйенсек, елімізде осындай орталықтар арқылы 60 мыңға жуық қызмет көрсетілген. Бұдан бөлек, біз 1414 байланыс орталығында да жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда AI-ассистент әрбір оныншы қоңырауды қабылдайды. Оның көмегімен 120 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Қоңыраулардың шамамен 40 пайызын оператордың көмегінсіз өзі өңдеп, қажетті кеңес береді. Ал күрделі сұрақтар туындаған жағдайда азаматты маманға бағыттайды”.

Заманауи кеңседе оқыту кабинеті де бар. Яғни, азаматтарға сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін цифрлық сауаттылық сабақтары өткізіледі.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімінің аппарат басшысы:
– “Бұдан бөлек, өздеріңіз білетіндей, «Digital Aimak» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында аудандық және ауылдық елді мекендерде 16 IT-орталық ашылды, оның 5-еуі ауылдарда орналасқан. Сонымен қатар, өңірдегі елді мекендердің 92,9% -ы интернетпен қамтылған. Тағы бір маңызды қадам – Петропавл қаласының тағы бір цифрлық жобасын жасау. Ашық деректер мен қолданыстағы геопортал негізінде жүзеге асатын бұл жоба тұрғындарға қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты ақпаратты алуға және қажетті бағыт-бағдарды оңай табуға мүмкіндік береді”.

Петропавлда ашылған AI-офис – еліміздегі осындай форматтағы жетінші орталық. Жоба аясында алдағы уақытта әр облыста осындай бір цифрлық кеңсе ашу жоспарланып отыр.

Аружан Султанова