Заң

СҚО-да жыл басынан бері мыңға жуық мас жүргізуші ұсталды

Петропавлда тағы бір мас жүргізуші ұсталды. Түнгі кезекшілікте жүрген патрульдік полицейлер таңғы 5 жарым кезінде Volkswagen Passat көлігін байқайды. Жүргізушінің күмәнді басқаруын аңғарған мамандар темір тұлпарды Әуезов пен Кеншінбаев көшелерінің қиылысында тоқтатқан. Медициналық куәландыру 40 жастағы ер адамның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде екенін растады. Өңірде тәртіпке бағынбайтын жүргізушілер саны артып барады. Мысалы, жыл басынан бері облыс жолдарында ішімдік ішіп, тізгін ұстаған мыңға жуық тұлға анықталыпты. Заңға сүйенсек, бұлардың барлығы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және тиісті құжаттар сотқа жолданды. Сот ережеге пысқыра қарағандарды көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырады.

Байболат Култанов