Заң

СҚО-да үш азаматтың тұрғын үй кезегі қалпына келтірілді

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй кезегінен шығарылған 3 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Олар – Ғабит Мүсірепов және Аққайың аудандарының тұрғындары. Мемлекеттік қызмет істері департаментіне жүгінген азаматтар бастапқы кезекке тұрған күнін сақтай отырып, қайта есепке алынды. Солардың бірі – Людмила Романова. Ол 2011 жылы жетім балалар санаты бойынша тізімге қосылғанымен, 2020 жылы есептен шығарылған.

ЛЮДМИЛА РОМАНОВА, Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны:
– “Бірнеше рет тыңдау отырыстары өткізілді. Сол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің қызметкері бейнебайланыс арқылы мен өтініш білдірген барлық мемлекеттік органның жұмысын бақылап отырды. Бұл өтінішімнің қайтадан ауданға жолданып, назардан тыс қалмауы үшін жасалды. Кейін облыс әкімі орынбасарының хаты негізінде мені жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қайта енгізді. 5 қазанда пәтерімнің кілтін алдым”.

Людмила Романова бұл мәселе бойынша көмекке жүгінген жалғыз азамат емес. Осындай жағдайға тап болған тағы 2 адам департаментке өтініш білдірген. Олар да тұрғын үй кезегінен шығарылған. Тексеру жұмыстарынан кейін азаматтардың құқығы қалпына келтіріліп, бастапқы тіркелген күндері сақталып қалды.

НҰРГҮЛ ЖАНМУРЗИНА, ҚР МҚІА СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– “Бұл жағдай әрбір өтініште нақты өмірлік жағдай бар екенін көрсетеді. Біздің міндетіміз – өтініштерді объективті қарау және өз құзыретіміз аясында бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау болып табылады”.

Айта кетейік, бүгінде облыста жеңілдік санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде 27 мыңнан астам адам тұр. Оның 3,5 мыңға жуығы – жетім балалар.

Жансая Дербисова