Спорт

Полиция ардагерлері арасында спартакиада өтті

Петропавлда полиция ардагерлері арасында облыстық спартакиада өтті. 10 қараша – Ардагерлер күніне орай ұйымдастырылған жарысқа облыстық полиция департаменті мен аудандық бөлімдердің зейнеттегі қызметкерлері қатысты. Спорттық шараны департаменттің Арнайы және кәсіби даярлық басқармасы Ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды.

Жарыстың ашылу салтанаты “Береке” шағын ауданындағы көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Жиында полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров ардагерлердің жас мамандарды тәрбиелеудегі және қызметтік дәстүрлерді сақтаудағы рөліне тоқталды. Спартакиада аясында үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және волейболдан жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар бірнеше спорт түрінен өзара мықтыны анықтады. Ал мерекелік кездесуде ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың құқық қорғау саласына сіңірген еңбегі атап өтілді. Жарыс қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінің ардагерлері жеңіс тұғырынан көрінді. Есіл және Шал ақын аудандарының біріккен командасы 2-ші орынға ие болды. Ал Жамбыл, Мамлют және М.Жұмабаев аудандарының құрамасы 3-ші орын иеленді.

Жансая Дербисова