Заң

Петропавлда заңсыз орнатылған көлікжайларға қатысты рейд өтті

Петропавлдық полиция қызметкерлері қоғамдық белсендімен бірге рейд жүргізді. Оның барысында тәртіп сақшылары қаланың орталығында орналасқан гараждарды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру қағидаларын сақтау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, гараждарды орналастыруға қатысты мәселелерді талқылады. Бұған дейін нысан қожайындарына оларды көшіру қажет екені туралы бірнеше рет хабарлама берілген. Алайда, кейбір көлікжайлар әлі күнге дейін орнында тұр.

МӘЛІК ШИГАБУТДИНОВ, қоғам белсендісі:
– “2023 жылғы жоспарлау жобасына сәйкес, бұл аумақ жасыл аймаққа, яғни саябақтарға арналған. “Таза Қазақстан” бастамасы мен жақында қабылданған жаңа нормаларды ескерсек, мұндағы темір гараждар заңсыз орнатылған. Бұл аумақты ретке келтіру қажет. Адамдар осы жерде емін-еркін демалып, серуендей алуы керек. 

Көлік қоятын орынды орналастыру мен оларды бұзудың заңдылығына қатысты мәселелер жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Ал полиция тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өкілеттігі аясында профилактикалық шара ұйымдастырады.

ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ бөлім бастығының орынбасары:
– “Рейд барысында гараждарды заңсыз орналастырған азаматтар анықталған жағдайда, материалдар тиісті шара қабылдау үшін жер қатынастары бөліміне жолданады. Ал заң бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін”.

Жалпы, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру қағидаларын бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның 5 мыңға жуығы Петропавл қаласында тіркелген.

Улан Ыдырыс