Білім

Петропавлда «Кітап оқитын ұлт: кітап, оқырман, болашақ» тақырыбында диалог алаңы өтті

Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада «Кітап оқитын ұлт: кітап, оқырман, болашақ» тақырыбында жиын өтті. Аты айтып тұрғандай, кездесу асыл қазынаның қоғамдағы мәртебесін арттыру, жастардың қызығушылығын оятуға арналды. Пайдасы зор шара «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында ұйымдастырылды.

АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың әдіскері:
– “Бүгінгі кездесуге зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен колледж студенттері, сондай-ақ «Сана» әдеби-музыкалық клубының мүшелері мен кітапсүйер қауым қатысты. Келген қонақтарымыздың арасында осы марафонға белсенді қатысушылар да бар. Олар өздерінің сүйікті кітаптары туралы ой бөліседі. Сонымен қатар, кездесуде жастар арасында кітап оқуды насихаттау жолдары талқыланады”.

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада оқырман саны артқан

“Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы”,- дегендей, кітап оқуды насихаттап жүрген жастардың қатары аз емес. Сондай жастың бірі – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті Алина Антоненко. Ол республикалық марафон аясында бірнеше көркем шығарма оқымақ. Талапты бойжеткен адам рухани тұрғыда кемелдену үшін саусақтың ұшымен парақ ашып, жазылғанға көз жүгіртсе жеткілікті дейді.

АЛИНА АНТОНЕНКО, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті:
– “«Кітап оқитын ұлт» марафонына асқан ынтамен қатысудамын. Бүгінге дейін шетелдік әдебиеттен «Жүзіктер әміршісі: Сақина бауырластығы», «Адамдар планетасы» және «Он бес жасар капитан» туындыларын оқыдым. Кітаптың адам үшін, ұстаз үшін маңызы зор. Шығармалардың адамды ойландырып, жаңа дүниелерді тануға жетелейтіні ұнайды”.

Биыл 50 жылдық мерейтойын атап өткен Шухов кітапханасының ұжымы жыл сайын 11 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Ал «Кітап оқитын ұлт» жобасының арқасында мұнда келушілер саны 2 есеге артқан. Қуантарлығы, жастардың, оқушылардың қатары қалыңдапты.

Сандугаш Кайырбек