Білім

Қызылжар ауданында тағы бір агросынып ашылды

Қызылжар ауданында да агросынып ашылды. Ол Бескөл ауылының №2 орта мектебінде орналасқан. Мұнда оқушылар агрономия мен өсімдік шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, болашақ мамандығын қазірден таңдауға мүмкіндік алады. Жаңа кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімі, білім саласының өкілдері, университет пен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мамандары қатысты.

Маңызды жоба аясында мектептің, Қозыбаев университетінің, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен серіктес кәсіпорындардың мамандары бірлесе жұмыс істейді. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Әріптестер оқушыларға тәжірибелік сабақ өткізіп, зертханалар мен өндіріс орындарына экскурсия ұйымдастырады. Ал агросынып қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы білім бөлімінің басшысы:
– “Біздің мақсатымыз – мектеп оқушыларына ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтарды таныстыру. Бұл тек агрономия немесе ветеринариямен шектелмейді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына да заманауи технологиялар мен IT саласы кеңінен еніп жатыр. Сондықтан күш салу керек. Бүгінгі таңда 10-11 сыныптардың 15 оқушысы осы сыныпта білім алуға ниет білдірді”.

Агросыныпта оқушылар өсімдікті өздері егіп, олардың өсуін бақылай алады. Кабинетте зертханалық жұмыстар жасауға қажетті жабдықтар мен арнайы қондырғылар бар. Сабақтарды мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары жүргізеді. Биология пәнінің мұғалімі Венера Базарбаева жаңа сынып балаларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға көмектесетінін айтады.

ВЕНЕРА БАЗАРБАЕВА, №2 Бескөл орта мектебінің биология пәні мұғалімі:
– “Біздің кабинетте өсімдікті өсіруге, тұқыммен жұмыс істеуге және түрлі тәжірибелер жасауға барлық жағдай қарастырылған. Гидропоникалық қондырғының көмегімен балалар өсімдіктің өсуі мен дамуын бақылай алады. Бұл олардың ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын таңдауға септігін тигізеді деп ойлаймын”.

Аймира Изтаева болашақта агроном немесе агротехнолог болуды армандайды. Арманға жетуге мүмкіндік туды. 10-сынып оқушысы енді мектеп қабырғасында-ақ қалауындағы мамандықтың қыр-сырын меңгере алады.

АЙМИРА ИЗТАЕВА, №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы:
– “Маған агрономия саласы өте қызық. Әсіресе, топырақпен жұмыс істеп, өсімдіктердің қалай өсетінін бақылаған ұнайды. Болашақ өнімнің сапасы мен көлемі агрономдардың еңбегіне байланысты. Қазір ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар мен жасанды интеллект те қолданылып жатыр. Бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын”.

Айта кетейік, Бескөлдегі №2 орта мектепте 500 оқушы білім алады. Агросыныпқа тек осы мектептің балалары ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың оқушылары да келе алады. Биыл облыс бойынша осындай 7 кабинет ашу жоспарланған.

Аружан Султанова