Қоғам

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің СҚО бойынша жаңа өкілі тағайындалды

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің СҚО бойынша жаңа өкілі тағайындалды. Енді бұл қызметті Наталья Қожабекова атқарады. Жаңа басшыны облыс активіне өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов таныстырды. Наталья Сұңғатқызы – Ақтөбе облысының тумасы. 1970 жылы дүниеге келген. Қостанай заң институтын “Заңгер” мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, инспектор, аға инспектор және заңгер-кеңесші қызметтерін атқарған. Осы тағайындауға дейін Наталья Қожабекова Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі болып еңбек еткен.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бұл мемлекеттік орган Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс істейді. Наталья Сұңғатқызының тәжірибесі мол. Кеше өзімен кездесіп, әңгімелестік. Алдағы уақытта өңірде адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты тиімді жүргізуіне тілектеспін. Баршаңызды жаңа қызметіне кіріскен өкілге қолдау көрсетуге шақырамын”.

Улан Ыдырыс