Білім

Есіл ауданында алғашқы агросынып ашылды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Агроном, зоотехник, механизатор және агротехнолог. Енді аталған мамандардың жұмысымен Есіл ауданындағы Асқар Игібаев атындағы орта мектептің оқушылары мектеп қабырғасында жүріп-ақ таныса бастайды. Бүгін білім ұясында агросынып ашылды. Ұл-қыздар мұнда егіншілік пен мал шаруашылығының қыр-сырын үйренеді, сондай-ақ тәжірибе алаңдарында заманауи технологиялармен танысады.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мереке Мұхамедияров қатысты. Жиын барысында мектеп пен Қозыбаев университеті және Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжі арасында меморандумға қол қойылды.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Агросыныптағы сабақтар аптасына бір рет, жұма күні өтеді. 10 сыныптың 14 оқушысы 2 сағат бойы ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарын зерделейді. Теориялық білімді мектеп мұғалімдері мен саланың тәжірибелі мамандары береді. Ал алған тәлімді тәжірибе жүзінде қолдану үшін ұл-қыздар колледж бен университетке барып, арнайы практикалық сабақтарға қатысады. Өздерін бір сәт ауыл шаруашылығы маманы сезінеді”.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлді. Сала әлеуетін тиімді пайдаланып, заман игіліктері арқылы тың жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Агросыныпта оқушыларға тәлім беретін ұстаздар бұл бағытта ауқымды жұмыс атқармақ.

АДАЙ ШУКЕНОВ, А.Игібаев атындағы орта мектептің химия және физика пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
– “Басты мақсатымыз – ауыл еңбеккерлерінің еңбегін бағалау, жас ұрпаққа үлгі ету. Аскөк, арпа, бидай ектік. Түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асырамыз”.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
“Ауыл шаруашылығы – тек еңбек пен тәжірибені ғана емес, терең білім мен заманауи технологияларды да қажет ететін сала. Сондықтан болашақ мамандарды ерте жастан даярлаудың маңызы зор. Аталған тың жоба еңбекқор, білімге құштар жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Саладағы кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік береді”.

ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
– 1 айдың ішінде облыста 6 агросынып ашылды. Олар Қызылжар, М.Жұмабаев, Аққайың, Ғ.Мүсірепов және Есіл аудандарында орналасқан. Жыл соңына дейін Шал ақын және Тимирязев аудандарында болашақ аграрилерді дайындайтын сынып ашуды жоспарлап отырмыз. Тиімді жоба Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып отыр.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Ауылдардың өркендеуі мен саланың дамуы – білікті мамандардың қолында. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы үшін ауыл шаруашылығының орны ерекше. Өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналатын салаға білімді, ізденімпаз, заманауи технологияларды меңгерген жастар ауадай қажет.


Мәдина Жантас үшін ауыл шаруашылығы саласы таңсық емес. Әкесі бірнеше жыл бойы механизатор болып еңбек еткен. Жалынды жас мектепте агросынып ашылатынын естігенде оқуға бірден келісім беріпті.

МӘДИНА ЖАНТАС, А.Игібаев атындағы орта мектептің оқушысы, Есіл ауданы:
– “Болашақта ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткім келеді. Алдағы уақытта аграрийлерге мол өнім алуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды ойлап табуды жоспарлап отырмыз”.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
“Айта кету керек, қазіргі таңда А.Игібаев атындағы орта мектепте 219 оқушы білім алады. Ұл-қыздарға 50-ге жуық тәлім береді”.

Нурасыл Ахмет