Қоғам

100 жасқа толған еңбек ардагеріне құрмет көрсетілді

Любовь Горшкова – тыл еңбеккері, ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін еңбек еткен жан. Бүгін кейуана 100 жасқа толды. Мерейтой иесін қалалық ардагерлер кеңесі мен туризм қауымдастығының өкілдері арнайы барып құттықтады. Любовь Константиновнаның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Мектептен кейін ол еңбекке ерте араласты. Ашаршылық пен ауыр кезеңдерді бастан өткерген кейуана кейін білімін жалғастырып, ұстаздық жолды таңдады.

ЛЮБОВЬ ГОРШКОВА, тыл еңбеккері:
– “9-шы сыныпты аяқтап, бірден жұмысқа орналастым. Байланыс басқармасында есепші болып жұмыс істедім. Алғашқы жалақым 121 рубль 10 тиын болды. Бір жылдан кейін жағдайымыз сәл түзелді. Содан соң қайтадан оқуға бардым. 1945 жылы 10-шы сыныпты аяқтадым. Кейін Свердловск қаласындағы университетке түстім”.

Любовь Горшкова білім саласында 35 жыл жұмыс істеді. Мұғалімнен мектеп директорына дейін көтерілген. Ал 2009 жылы теміржол музейіне келіп, қоғамдық негізде экскурсия жүргізе бастаған. Ол әр жәдігердің тарихын жатқа біледі.

ЛЮБОВЬ ГОРШКОВА, тыл еңбеккері:
– “Кейінгі жылдары теміржол музейінде экскурсовод болып жұмыс істедім. Бұл жұмыс маған өте ұнады. Музейге келген қонақтарға теміржолдың тарихын, оның қалыптасу жолын, көне жәдігерлерді таныстырып, қызықты деректермен бөлісетінмін. Өзім де осы саланың тарихына жақын болғандықтан, әр экскурсияны ерекше ықыласпен өткіздім”.

Өлкетанушы Владимир Холодтың айтуынша, Любовь Горшкованың шаңырағы кезінде соғыс ардагерлері мен 314-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің бас қосатын орны болған. Олар сол жылдардағы оқиғаларды еске алып, бастан өткерген қиындықтары туралы әңгімелескен.

ВЛАДИМИР ХОЛОД, өлкетанушы:
– “1970-ші жылдары Любовь Константиновнаның айтуынша, олардың үйіне соғыс ардагерлері мен 314-атқыштар дивизиясының жауынгерлері жиі жиналған. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бастан кешкендерін еске алып, әңгімелесетін. Любовь Константиновна ол кезде небәрі 16 жаста болған. 1941 жылы 314-атқыштар дивизиясының жауынгерлері оның үйінің жанынан өтіп, қазіргі “Береке” шағын ауданы орналасқан бағытқа қарай жүрген. Ол жерде әскери атыс алаңдары болған. Жауынгерлер күндіз әскери дайындықтан өтіп, кешкісін шаршап үйлеріне қарай қайтатын, – деп еске алады ол”.

Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваевтың сөзінше, Любовь Горшкова – адалдықтың, еңбекқорлық пен отансүйгіштіктің үлгісі. Ол ғасыр жасаған кейуананың өмір жолы мен теміржол тарихын насихаттаудағы еңбегін ерекше атап өтті.

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– “Любовь Горшкованың тағдыры ерекше. Бүгін оның 100 жылдық мерейтойы тек отбасы үшін ғана емес, қалалық ардагерлер кеңесі үшін де үлкен мереке. Мерейтой иесін көп жылдан бері жақсы білеміз. Кейуананың Ленинградты қорғаған 314-атқыштар дивизиясының тарихын насихаттауға қосқан үлесі зор. Любовь Горшкова – “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі үшін” медалімен марапатталған тыл еңбеккері. Біз үшін ол – адалдықтың, жауапкершілік пен еңбекқорлықтың үлгісі”.

Любовь Горшкованың бүгінде жалғыз ұлынан тараған екі немересі, үш шөбересі және үш шөпшегі бар.

Улан Ыдырыс