Ғылымға қызығатын ұл-қыздар бас қосты. Петропавлда 2-8 сынып оқушылары арасында “Зерде” республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Балалар түрлі бағытты қамтыған. Олар әртүрлі салаға қатысты дайындаған еңбектерін жарыса әрі қызықты етіп таныстырды.
БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры:
– “Биыл жобаларды қорғау көрме түрінде өтуде. Әр баланың өз стенді бар. Сол жерде тұрып, айтып береді. Байқауда 12 секция бар. Сарапшылар жұмыстарды бір-бірінен тәуелсіз бағалайды. Біз үшін баланың жобалары ғана емес, оның өз еңбегі, тақырыптарды түсінуі және сұрақтарға жауап беруі де маңызды”.
2 күнге созылатын байқауға облысымыздың 13 ауданынан 260-тан астам оқушы келген. Барлығы – аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары. Ерекше жұмысымен көзге түскен қатысушының бірі – Айлана Қаратай. Айыртау ауданынан келген 5-ші сынып оқушысының жұмысына қазақ ертегілерінің кейіпкерлері арқау болған екен. Ол бірнеше кейіпкердің астына QR-код қою арқылы галограмма жасаған.
АЙЛАНА ҚАРАТАЙ, Дәуқара орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:
– “Мен бұл жұмысымды қаңтар айынан бастап мұғаліммен бірге зерттедім. Әр кейіпкердің астында QR-код тұр, оны сканерлесеңіз, ішінде галограмма тұрады. Галограммада кейіпкердің аты, бейнесі, ерекшелік тақтасын көре аласыздар”.
2 кезеңнің қорытындысы бойынша үздік 32 жоба анықталады. Олардың авторлары келесі жылдың қаңтар айында Бурабайда өңірдің намысын республикалық деңгейде қорғайды.
Аружан Султанова