Қоғам

Тыл еңбеккері Лидия Черепанова 100 жасқа толды

Ғасыр жасаған жан. Петропавлдық тыл еңбеккері Лидия Черепанова 100 жасқа толды. Мерейлі мерейтой иесін қала әкімі Серік Мұхамедиев арнайы құттықтап келді. Лидия Яковлевнаның балалық шағы ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол – Ақмола облысының тумасы. 1938 жылы Петропавлға қоныс аударған екен. Соғыстың салдарынан мектепте 7 жыл ғана білім алған. Ауыр еңбекке 14 жасында араласыпты. Шаһардағы элеваторда зертханашы болып жұмыс істеген.

ЛИДИЯ ЧЕРЕПАНОВА, тыл еңбеккері:
– “Нағыз білім алатын кезеңде жұмылдыру басталды. Ерлер қауымы майданға аттанды. Әйелдер мен балалар ғана қалды. 14 жасымда зертханашылар курсына жазылдым. 2 ай оқыдым. Содан кейін орақ науқаны басталды. Мені жас болсам да астық қабылдау пунктіне жіберді. Соғыс жылдары сонда жұмыс істедім. Оңайға соқпады”.

Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан Лидия Яковлевна соғыстан кейін де еңбектен қол үзген жоқ. Ол Ленин атындағы зауытта инженер-конструктор болып ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. Еңбегі еленіп, “Еңбек ардагері” атанды. 1984 жылы зейнет демалысына шықты.

ЛИДИЯ ЧЕРЕПАНОВА, тыл еңбеккері:
– “Кәсіпорынға жұмысқа 1960 жылы орналастым. 1970 жылы мені зауыттың “Құрмет кітабына” енгізді. Ол жерде зейнет жасыма дейін еңбек еттім. Ұжымның ауызбіршілігі мол. Мереке кезінде әрдайым құттықтап келеді”.

Бұл дәстүр әлі жалғасын табуда. Лидия Черепанова биыл да құттықтау қабылдады. Мерейтой иесі қонақтармен жастық шақты еске алып, өткен күндерден сыр шертеді. Ғасыр жасаған кейуананың қолынан кітабы түспейді, теледидар көргенді ұнатады. Әсіресе, соғыс жылдарындағы әндерді сүйіп тыңдайды, кейде өзі де қосылып ән айтады. Сондай-ақ, орыс ақыны Сергей Есениннің өлеңдерін мәнерлеп оқиды. Лидия Яковлевнаның ең үлкен байлығы – жанұясы. Оның 1 ұлы, 2 немересі, 4 шөбересі және 6 шөпшегі бар. Мереке сайын барлығы бас қосып, аяулы әжелерінің денсаулығын сұрап, қасында уақыт өткізеді.

Улан Ыдырыс