Петропавлда қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Жарыс “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Асқат Төлепбергеновті еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға марқұмның туған-туысы мен ардагерлер қатысты.
ИСЛАМБЕК БЕКМУРЗИН, “СҚО Семей полигоны” ҚБ мүшесі:
– “Асқат Төлепбергеновтің туған күні 5 қарашада. Осыған орай облыстық турнирді үшінші рет ұйымдастырып отырмыз. Алғашқы турнирді екеуіміз ұйымдастырған болатынбыз. Бұл – соның жалғасы. Болашақта турнирді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын туған күні қарсаңында өткізуге келістік. Бұл бастамамызды жоғары басшылық та қолдады. Турнир дәстүрлі түрде өтетін болады”.
Асқат Төлепбергеновтің өмір жолы мен еңбек еткен жылдары туралы туған қарындасы да естеліктерімен бөлісті. Күләш Ақжанқызының айтуынша, ағасы әскери борышын өтеп, кейін ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған.
КҮЛӘШ АҚЖАНҚЫЗЫ, Асқат Төлепбергеновтің қарындасы:
– “Әскерден кейін ауыл шаруашылығы саласында біраз жұмыс істеді. Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, біраз қызмет атқарды. Қалаға көшіп келген соң, ұжым ұйымдастырды”.
Облыстық турнирге 13-14 жастағы 100-ге жуық жас балуан қатысты. Жалпы, жарыста өңір аудандарынан келген тоғыз команда бақ сынады.
ӘЛИ ИБАДУЛЛА, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:
– “Мен 42 келі салмақ дәрежесінде финалға шықтым. Жеңіске жетуіме “зацеп” әдісі және басқа да әдістер көмектесті”.
Жас спортшылар 38 бен 75 келі аралығындағы салмақ дәрежелерінде бақ сынады. Қыздар үш, ал ұлдар он салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Үздік нәтиже көрсеткен балуандар медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды.