Заң

Петропавлда ерлі-зайыпты есік алдына сән беріп тұрған асқабақтарды ұрлаған

Кәсіпкер Юлия Егорова өз сұлулық салонының табалдырығында болған жайттан жағасын ұстап отыр. Нысанның кіреберісін безендіру мақсатында қойылған асқабақтарды түн ортасында бөгде біреулер ұрлап әкеткен. Ұрылар ерлі-зайыпты болуы мүмкін. Екеуінің бірінен соң бірі көкөністі тасып жатқаны жақын маңдағы камераға жазылып қалған.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Көтерген адамға асқабақтың салмағы жеңіл емес әрі ұстағанда ыңғайсыздық туғызады. Бірақ, бұл “олжаны” көздеген қала тұрғындарына кедергі келтірмеген. Олар көкөніс далада жатқанша, дастарханда тұрғанын жөн санапты”.

Бір қызығы, ұрлық қаланың қақ ортасында болған. Түнгі ұрлықтан кейін ғимарат алдының көркі қашып, қаңырап қалғандай. Ұрылар есі алдында тұрған 6 асқабақтың барлығын қолды еткен.

ЮЛИЯ ЕГОРОВА, кәсіпкер:
– “Бұған дейін мұндай жағдай болған емес. Біз сұлулық салонына келуші жандарға ерекше атмосфера сыйлағымыз келеді. Асқабақты алып кеткен адамдарға айыппұл салып, қамалғанын қаламаймын. Сол үшін арыз да жазбадым. Тек ерлі-зайыпты өз қателіктерін түсініп, ұрлаған көкөністі орнына қойса екен деймін”.

Полиция департаменті аталған факті бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Келтірілген шығын көлемі 5 мың теңгені құрайды.

Нурасыл Ахмет