Қоғам

Петропавл су торабындағы көпірде салмағы 20 тоннадан асатын ауыр жүк көліктеріне жүруге тыйым салынды

Петропавл су торабындағы көпірде көлік қозғалысына жаңа шектеу енгізілді. Енді салмағы 20 тоннадан асатын жүк көліктеріне бұл учаскемен жүруге тыйым салынады. Бүгін тиісті жол белгілері орнатылды. Бұл шара стратегиялық маңызы бар гидронысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

АСХАТ БӘКІШЕВ, “Қазсушар” РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– “Су торабы арқылы өтетін автомобиль көпір осыдан 50 жыл бұрын салынған. Бастапқыда ол тек гидронысанға ғана арналған болатын. Қазір мұнда транзиттік және ауыр жүк көліктері көп жүреді. Көпірдің темірбетон тіректері мен асфальт жабынына жыл сайын зақым келеді. Жыл сайын қомақты қаржыға учаскені жөндейміз”.

КамАЗ-дың аударылуына кім кінәлі: Іс сотта қаралып жатыр

Күніне аталған көпір арқылы мыңнан астам автокөлік жүреді. Оның 200-ге жуығы – ауыр жүк көліктері. Олардың көбі учаскеге жаңа шектеу қойылғанын білмейтін сыңайлы. Түсірілім барысында көпірмен салмағы 20 тоннадан асатын жүк артқан 10-нан астам транзиттік көлік өтті. Мұндай шешімді қабылдауға жиілеп кеткен жол апаттары себеп болды. Осыдан бір ай бұрын аталған учаскеде “КамАЗ” жүргізушісі рөлге ие бола алмай қоршауға соғылған, кейін жол шетіне түсіп кеткен. Салдарынан рөл тізгіндеген жан жарақат алды.

АСХАТ БӘКІШЕВ, “Қазсушар” РМК СҚОФ бөлім басшысы:
– “Жол-көлік оқиғасының салдарынан көпірдегі қоршауларға зақым келді. Біз оның барлығын жөндеп жатырмыз. Аталған факті бойынша сот процесі жүріп жатыр. Кімнің кінәлі екені анықталуда.

Көпірдің ені өте тар. Мұндағы бұрылма жол да қауіпті. 2 жүк көлігі бір уақытта өтсе, сыймауы да мүмкін. Мамандар бұл шешімді саналы түрде қабылдады. Айта кету керек, енді жүргізушілер облыс аудандары мен Ресейге бару үшін тек айналма жолмен жүруі тиіс. Айта кетейік, жақын арада учаскеде бақылау күшейеді әрі түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Нурасыл Ахмет