Мәдениет

Қолөнер мен шығармашылық тоғысқан алаң

Петропавлда заманауи Qyzyljar Qoloner фестивалі өтті. Жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан облысының шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Келушілер қолдан жасалған бұйымдарды тамашалап қана қоймай, сатып алуға да мүмкіндік алды.

ЖАЙНАГҮЛ ОСПАНОВА, “Qyzyljar” креатив орталығының директоры:
– “Біздің басты мақсатымыз – өңірдегі қолөнершілерді, дизайнерлер мен жас авторларды қолдау, олардың туындыларын көпшілікке таныстыру. Сонымен қатар, жеке кәсібін дамытуға мүмкіндік жасау. Дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнмен ұштастырып, оған деген сұранысты арттырғымыз келеді”.

Фестивальге келген шеберлердің бірі – Гаухар Сағитова. Ол ұлттық нақыштағы қуыршақ жасаумен айналысады. Бұл жолы көрмеге жаңа жыл мерекесіне арналған туындыларын ұсынды. Қолөнерге былтыр ғана ден қойғанымен, қазірдің өзінде бірнеше туындының авторы. Әр қуыршақты жасауға 2 аптадан 1 айға дейін уақыт жұмсайды. Ал бұл іске келуіне немересінің қалауы себеп болыпты.

ГАУХАР САҒИТОВА, қолөнерші:
– “Бастапқыда немерем ұлттық киімдегі қуыршақ алғысы келді. Бірақ дүкендерден ондай қуыршақ таба алмадық. Содан өзім жасап көруге шешім қабылдадым. Оған қатты ұнады. Әр қуыршақты аяқтағанымды асыға күтеді. Кейде түнде жұмысымды бітіріп, таңертең оған дайын қуыршақты тосын сый ретінде ұсынамын”.

Темірден жасалған әр бұйымның өзіндік бейнесі мен тарихы бар. Дмитрий Нападов үшін ұсталық – жай ғана жұмыс емес, ойындағы дүниені металдан жасап шығару мүмкіндігі. Ол сағат, түрлі мүсіндер мен сәндік композициялар әзірлейді. Жастайынан темір өңдеу ісіне араласқан шебер еңбек жолын балғашы болып бастап, кейін дәнекерлеуші мамандығын меңгерген. Қазір қолөнерден қол үзбей, жеке тапсырыстар қабылдайды.

ДМИТРИЙ НАПАДОВ, қолөнерші:
– “Кейде жаңа бұйымның идеясы түсіме кіреді, кейде ойыма аяқ астынан келеді. Оны жасап шықпайынша ойымнан кетпейді. Ең қызығы, жұмысқа кіріспей тұрып-ақ, болашақ туындыны ойша жан-жағынан елестете аламын. Ал дайын болғанда көз алдымдағы бейненің дәл сол күйінде шыққанын көру ерекше сезім сыйлайды”.

Бұдан бөлек, фестиваль бағдарламасында шығармашылық индустрия өкілдеріне арналған пленарлық сессия өтті. Онда креативті экономика, дизайн, маркетинг және өнімді ілгерілету мәселелері талқыланды. Осылайша, Qyzyljar Qoloner шеберлерге өз туындыларын таныстырып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Жансая Дербисова