Мәдениет

Ақын Самрат Құскеновтің «Ерке наз» атты шығармашылық кеші

Кешін марқұм анасына деген өлеңімен бастаған Самрат Құскенов – еліміздің әдеби-шығармашылық толқынына қосылған жас ақынның бірі. Жерлесіміз Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Амангелді ауылында дүниеге келген. Ақын, журналист, өлкетанушы, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі биыл орда бұзар жасқа толды. Осыған орай Петропавл төрінде «Ерке наз» атты кешін ұйымдастырды.

САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– “Мен бұл кешті 15 жасымнан армандадым. Бүгін сол арманым орындалып отыр. Бұл – үлкен қуаныш әрі алдағы уақытта жүзеге асатын жаңа бастамалардың бастауы. Келешекте бұдан да керемет шығармашылық кештер өткіземін. Залға 100-ге жуық көрермен жиналыпты”.

Самраттың өлеңдерін тыңдасаң, әртүрлі бағытта, әртүрлі жанрда қалам тербейтінін ұғынасың. Ауылына арналған туындылары балалық шақты, қамсыз өмірді көз алдына келтіреді. Ал анасына деген шығармасы жүректі елжіретеді. Рухтандыратын да туындылары бар. Сахнада оқылған өлеңдер аспаптық музыкамен сүйемелденіп отырды. Бұл шығармашылық кешке тұздық болды. Кешке ақынның ұстаздары, қаламдас әріптестері мен жақындары қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Жас ақынның иығына шапан да жабылды.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ: айтыскер ақын, жазушы, өлкетанушы:
– “Бүгінгі кеш – жас буын ақындары үшін үлкен бастама әрі маңызды белес. Ақынның жасына қарамастан өз шығармашылығын қорытындылап, көрермен алдына шығуы – зор жетістік. Мұндай кештер өзге жас ақындарға да үлгі болады деп ойлаймын. Самрат – еліктеуден ізденіске жол тапқан, ізденімпаз ақын. Оның ерекшелігі – айналасында болып жатқан оқиғаларға жай ғана қарап қоймай, оларға сын көзбен үңілуі”.

Бұған дейін «Іңкәр жүрек» және «Жала мен жаза» атты екі кітаптың авторы атанған ақын кеште оқырманға сиясы әлі кеппеген тағы бір кітабын ұсынды. Көпшілік алдында Самрат Құскеновтің «Қызылжардың қияли еркесімін» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Сандугаш Кайырбек