Білім

СҚО-да 300-ден астам педагог білім берудің жаңа мүмкіндіктерін талқылады

Солтүстік Қазақстан облысында білім беру жүйесін жаңғырту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Осы мақсатта Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда «Болашақ білім: жаңа сын-қатерлер – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында білім беру ұйымдарының ашық есік күні өтті. Іс-шараны облыстық білім басқармасының Әдістемелік орталығы аудандық білім бөлімімен бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарға өңірдің 300-ден астам педагогі қатысты. Олардың қатарында білім беру ұйымдарының басшылары, әдіскерлер мен ұстаздар бар. Мамандар білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тиімді педагогикалық тәжірибелермен бөлісті. Сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды сабақ барысында қолданудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

Білім беру саласындағы өзекті бағыттар бойынша жұмыс төрт алаңда ұйымдастырылды. Қатысушылар әдістемелік қызметтің жұмысын жетілдіру, «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасын кеңейту, «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асыру, дебат қозғалысын дамыту және оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, зерттеушілік ойлау қабілетін дамыту және «Сапаны сақтау» жобасы аясындағы сабақтастық мәселелері де назардан тыс қалмады.

Практикалық бөлімде педагогтер шеберлік сабақтарын өткізіп, заманауи білім беру шешімдерін таныстырды. Ұстаздар инновациялық тәсілдерді оқу үдерісіне енгізу тәжірибесімен бөлісіп, мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделін дамыту жолдарын көрсетті.

Пленарлық отырыс барысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әдістемелік кабинеті ерекше аталып өтті. Сонымен қатар облыстық инновациялық және мамандандырылған мектептер мониторингінің қорытындысы бойынша білім беру ұйымдары марапатталды. Дебат турнирінің қатысушылары мен «Үздік жылыжай» байқауының жеңімпаздары да құрметке бөленді.

Мұндай кәсіби кездесулер педагогтердің тәжірибе алмасуына ғана емес, білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Басты мақсат – әрбір оқушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.