НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Азық-түлік бағасының тұрақтылығы – халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан, нарықта тапшылыққа жол бермей, негізгі өнімдердің бағасын қолжетімді деңгейде ұстау маңызды. Бұл ретте өңірде тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Биыл қорды толықтыруға 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, оған 11 мың тонна азық-түлік пен 3 млн дана жұмыртқа сатып алынған”.
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізімі кеңейтілген. Бұған дейін оның құрамында 19 атау болса, көрсеткіш биыл 31-ге дейін жетіпті. Дәлірек айтсақ, қатарға сиыр мен тауық еті және тартылған ет қосылған. Айта кетейік, өнімдердің басым бөлігі жергілікті кәсіпкерлерден алынады. Тек қант пен тұз ғана оңтүстік аймақтардан әкелінеді.
РОЗА ТАСТАНБЕКОВА, “Солтүстік” ӘКК тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
– “Қордың жеке 8 сауда нүктесі бар. Ондағы баға дүкендегіден арзан. Азық-түлік бағасы назардан тыс қалған емес. Әр сейсенбі сауда орындарын аралап, мониторинг жүргіземіз. Тұрғындардың шағымдары мен сұранысын міндетті түрде ескереміз”.
Азық-түлік бағасының көтерілуі, өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу жүйесіндегі олқылықтар және делдалдарды азайту. Президент өз Жолдауында аталған мәселелер инфляцияның өсуіне тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті. Жауаптыларға өзекті түйткілді жақын арада шешуді тапсырды. Айта кетейік, облыстағы тұрақтандыру қорының тауарлары қаланың 35 дүкені мен супермаркеттерінде сатылады. Сауда нүктелерінде үстеме баға 15 пайыздан аспауы тиіс. Тұрғындар күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасын “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының сайтынан көре алады.
Тұрақтандыру қорынан алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы
Күріштің 1 келісі – 360 теңге
1-сұрыпты ұнның 1 келісі – 265 теңге
Жұмыртқаның 10 данасы – 500 теңге
Күнбағыс майының орташа бағасы – 750 теңге
Пияздың 1 келісі – 109 теңге
Сәбіз бен картоптың 1 келісі – 149 теңге
Макарон – 250 теңге
Сиыр еті – 3200 теңге
Қанттың келісі – 465 теңге
Ас тұзы – 65 теңге
Түсірілім барысында тұрғындармен тілдестік, пікірлерін білдік. Олар бағаның тұрақты, тауарлардың жеткілікті екенін жеткізді. Алдағы уақытта тауарлардың құны шарықтамағанын қалайды. Роза Тастанбекованың сөзінше, жақын арада облыста әлеуметтік азық-түліктің бағасы өспейді. Жағдай тұрақты – қор мамандарының ұдайы бақылауында.
Нурасыл Ахмет