Биыл қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы, жерлесіміз Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай шаһарда ұлы опера әншісін еске алуға арналған жас әншілердің облыстық байқауы өтті. Дәстүрлі дода 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Сайысқа қызығушылық танытып, қатысуға асыққандардың қарасы артып келеді.
АСЛАН ТӨКЕН, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің көркемдік жетекшісі:
– “Байқау алғаш рет 2022 жылы өткізілді. Оның негізін қалаушы, басты идея бастамашысы – өнер кешенінің директоры Роза Әбутәліпқызы Қашенова. Мақсат – жас талантты балаларды анықтап, оларға қолдау білдіріп, шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін одан әрі арттыру”
Өнер көрсеткен балалардың дауысына тамсанасың. Байқау академиялық, эстрадалық вокал және дәстүрлі ән салу сияқты 3 негізгі аталым бойынша өтті. Өнерпаздардың өнерін бағалаған кәсіби қазылар алқасының құрамында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері де бар. Бағалау кезінде қатысушылардың вокалдық деректері, интонациясы, ырғақ сезімі, сахналық мәдениеті, актерлік шеберлігі және киім үлгісі басты назарға алынды.
ЕРКЕБҰЛАН ҚАРЫП, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісі:
– “Биыл қатысушылардың саны көбейген, қызығушылық артқан. Мен дәстүрлі ән салу номинациясы бойынша бағамды беремін. Бүгінгі конкурс жайын айтатын болсақ, балалардың домбырамен ән салу, қазақтың дәстүрлі әніне деген тартымы айқын көрініп тұр”.
Байқауда облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 67 қатысушы бақ сынады. Солардың бірі – Тайынша ауданынан келген жас әнші Аяла Рахымберді. 11 жастағы өнерпаз музыкамен 2 жыл айналысады. Мұндай додаларға жиі қатысады екен. Аяланың ерекше дауысын анасы байқап, Тайыншадағы музыкалық мектепке апарған.
АЯЛА РАХЫМБЕРДІ, қатысушы, Тайынша ауданы:
– “Байқауда “Ия, солай” және “Мереке” әндерін шырқаймын. Бұл өлеңдерге 2 апта дайындалдым. Мен 7-8 жасымда ән айта бастадым”.
Шара соңында барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге арнайы грамоталар табысталады. Ұйымдастырушылар бұл байқау болашақта қазақ өнерінің жаңа жұлдыздарын жарқыратып шығаратынына сенімді.
Жаннур Бектурганова