Мәдениет

Өнер ұжымдарының жеңісті жолы

Қалалық мәдениет үйінде жергілікті би және вокалдық-хореографиялық ансамбльдердің өкілдері бас қосты. Ұжымдарымыз биыл да өздерінің жетістіктерімен мақтана алады. Теріскейлік таланттар республикалық, халықаралық байқауларда топ жарды. Кездесуде осы жайлы кеңінен айтылды.

АҚЕРКЕ МУСАЛИМОВА, “Тұмар” би ансамблінің жетекшісі:
– “Біз Баку қаласында өткен халықаралық фестиваль-байқауға қатысып, Қазақстанымызды, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысын жоғары деңгейде таныстырдық. Байқау қорытындысы бойынша 3 Гран-при, Супер Гран-при және Стамбул қаласына жолдама беретін 500 долларлық сертификат жеңіп алдық”.

“Тұмар” би ансамблінде 200-ден астам биші бар. Ұжымның репертуарында қазақтың ұлттық билеріне басымдық берілген. Халықаралық сахнада да бишілер ұлттық нақыштағы билерін ұсынып, көрерменге мәдениетімізді таныстыруға мүмкіндік алған.

АДЕЛЬ ҚАЙЫРБЕКОВА, “Тұмар” би ансамблінің бишісі:
– “Байқауға қатысқанда қатты толқыдық. Фестивальге Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қазақстанның әр қаласынан өнерпаздар қатысты”.

Ал “Движение” би ансамблі Петропавлда өткен халықаралық байқауға 3 жас ерекшелігіндегі құраммен қатысты. Ұжымның сахналық қойылымдары әртүрлі бағытты қамтиды. Қазір жетекшілер жаңа бағдарламалар әзірлеп, алдағы жарыстарға дайындықты бастап кеткен.

ОЛЬГА ГОЛУБЕВА, «Движение» халықтық хореографиялық ансамблінің жетекшісі:
– “Біз 4 би нөмірін ұсындық. Байқауға 50-ге жуық биші қатысты. Жоғары топтың «След за нами» және «Моя непростая жизнь» қойылымдары, орта топтың «Мама» биі Гран-при иеленді. Ал кіші топтың «Озорные мячики» биі 1-ші орын алды. Бұл қойылымдарды бұған дейін де дайындап, бірнеше рет пысықтаған едік. Қазір жаңа бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Қараша айының соңында Петропавлда өтетін би байқауына қатысамыз”.

Жүлделі орындарға қол жеткізу үшін бишілерден тек сахналық шеберлік емес, ұзақ дайындық пен төзімділік керек. Ансамбльдің орта тобында өнер көрсететін жас биші бұл жолғы сайысқа әзірліктің оңай болмағанын айтты.

ЕЛИЗАВЕТА ЕРМОЛЕНКО, «Движение» халықтық хореографиялық ансамблінің бишісі:
– “Мен “Движение” ансамблінде 7,5 жылдан бері билеймін. Байқауда 2 би нөмірін орындап, екеуінен де Гран-при жеңіп алдық. Кейде жаттығуымыз 5 сағатқа дейін созылады. Әрине, шаршайтын кездер болды, бірақ жетекшіміз бізді үнемі қолдап отырды. Соның арқасында сахнаға сенімді шығып, жақсы өнер көрсеттік”.

Би өнерімен қатар, вокалдық-хореографиялық бағыттағы “Звонница” ансамблі де өз жетістіктерімен бөлісті. Ұжымның ерекшелігі – ән мен халық биін бір қойылымда үйлестіру. Бұл бағыт орындаушылардан вокалдық қабілетпен қатар, сахналық шеберлікті де талап етеді.

ТАТЬЯНА УТЕЖАНОВА, “Звонница” вокалдық-хореографиялық ансамблінің жетекшісі:
– “Алматы қаласында 1 қараша күні өткен «Дарын Өркен» халықаралық байқауына ансамбліміздің 2 құрамынан 19 өнерпаз қатысты. Бұл жолы алғаш рет 5 пен 7 жас аралығындағы бүлдіршіндерді де сахнаға шығардық. Сайыста «Казачок» нөмірі Гран-при иеленді. Ал «Чебатуха» әні бірінші орын алды”.

Шығармашылық ұжымдардың ортақ мақсаты – сахнадағы шеберлікті шыңдап, ұлттық өнерді дәріптеу, өңірімізді таныту. Жетекшілер алдағы уақытта да жаңа қойылымдар әзірлеп, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуды жоспарлап отыр.

Жансая Дербисова