Президент айқындаған бастамаларды іске асыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Облысқа жұмыс сапарымен келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті. Аты алғаш аталған атқамінер еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мәселесін көтерді. Кадр тапшылығы жайлы да сөз болды.
ЭЛЬДАР КҮЗЕНБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– “Солтүстік Қазақстан облысында 5 мыңға жуық адам жұмыссыз жүр. Президент өз Жолдауында ендігі жылдан бастап Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналатынын жеткізді. Ондаған әлеуметтік нысан бой көтереді. Тың жобалардың жүзеге асуы аталған мәселені шешеді деп ойлаймын”.
Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі өз сөзінде енгізілген цифрлық технологиялар жайлы айтып берді. Қазіргі таңда саланы дамыту үшін дрондар, спутник арқылы егінге мониторинг жасайтын қондырғылар және түрлі метеостанциялар қолданылуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін көмектің көлемі артады. Оң өзгерістерді тыңдау ауыл шаруашылығы бойынша елде алдыңғы қатарда тұрған теріскейдің әр тұрғыны үшін маңызды. Шараға барлығы 50-ге жуық мәдениет саласының өкілі қатысты. Олар спикерлерге өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
ОРАЛ ЖАНАТОВ, облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:
– “Жолдауды басынан аяғына дейін тыңдадық. Ел экономикасының дамуына тың серпін беретін жобалар қолға алынғалы отыр. Көңілімізден шықты.
Бұдан бөлек, қос вице-министр Қызылжар креатив орталығына барып, жастармен жүздесті. Кездесу барысында Президент Жолдауында айтылған басым бағыттар мен ел дамуына серпін беретін бастамалар кеңінен түсіндірілді.
ЖАЙНАГҮЛ ОСПАНОВА, “Qyzyljar” креатив орталығының директоры:
– “Елордалық меймандар “Qyzyljar” креатив орталығын аралады, оларға экскурсия ұйымдастырдық. Вице-министрлер жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамаларымен танысты. Сонымен қатар арнайы кездесу өтті, оның барысында Мемлекет басшысының Жолдауын талқыладық”.
Вице-министрлер жұмыс сапары аясында тағы бірнеше еңбек ұжымдарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Улан Ыдырыс