Қоғам

Тұрғын үйлерге түтін және улы газ таралғанда дабыл қағатын датчиктер орнатылды

Петропавлдағы тұрғын үйлерге түтін және улы газ таралған кезде дабыл қағатын датчиктерді орнату ісі жалғасуда. Әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға басымдық беріледі. Мамандар тізімдегі баспаналарға бас сұғып, алақандай ғана жабдықты тегін орнатады. Жылыту маусымы кезінде мұндай құрылғының пайдасы аса жоғары.

НҰРЛАН БАЯХМЕТОВ, Петропавл қалалық ТЖБ аға инженері:
– “Арнайы датчиктер түтінді сезгенде қатты дыбыс шығарып, тұрғындарды ескертеді. Ішінде улы газ таралған кезде де іске қосылатын функция бар. Мұндай құрылғының әр үйде болғаны жөн. Бұдан бөлек, біз пештің түбін тазалаймыз, сызаттарын сылап, қауіпсіздік үшін алдына арнайы қаңылтыр төсеп береміз. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын өткіземіз”.

Қызметкерлер бағыт алған үйдің бірінде Ксения Падеркина тұрады. Ол жолдасымен бұл шаңырақта 2 бала тәрбиелеп отыр. Баспанаға алдымен арнайы датчик орнатылды.

КСЕНИЯ ПАДЕРКИНА, қала тұрғыны:
– “Бұл үйде 2 жыл тұрамыз. Мұржаны өзіміз тазалаймыз. Мамандар келіп, пештің алдында қаңылтыр жоқ екенін көрді. Орнатып берді. Көмектеріне алғысым шексіз. Үйде балалар болған соң, сақ болуға тырысамын”.

Басқарма өкілдері барған келесі нысан – көпбалалы Алена Сычеваның үйі. Мамандар бұл баспанада да қажетті қауіпсіздік шараларын жүргізді.

АЛЕНА СЫЧЕВА, қала тұрғыны:
– “Бұл үйде 4 баламен тұрып жатырмыз. Біреуі – мүмкіндігі шектеулі бала. Құтқарушылар келіп, қауіпсіздік ережелерін айтып берді, түтін датчигін орнатты. Көңіл бөліп жатқандарына алғыс айтамын”.

ТЖБ қызметкерлері жылыту мауысымы басталғалы мыңнан астам өрт датчигін орнатыпты. Бұлай жасамасқа болмайды. Жыл басынан бері облыс аумағында 7 адам улы газдан көз жұмды. Ал тіркелген өрт саны 400-ге жуықтайды. Тілсіз жаудың салдарынан 27 кісі құрбан болды.

Жаннур Бектурганова