Заң

Петропавлда көлік, гараж бен жертөле тонаған күдікті ұсталды

Петропавлда ұрлық фактілерінің беті ашылды. Қала тұрғыны Виктор Никулин демалыс күндері автокран-манипуляторын Алматы көшесіндегі аулаға қалдырып кеткен. Қараусыз көлікке қолының қыспасы бар адам кіріпті.

ВИКТОР НИКУЛИН, қала тұрғыны:
– “Жүргізуші жағындағы терезе сынған, көліктен заттар жоғалып кетті. Жанына жақындағанда ұрлық болғанын бірден сездім. «102» нөміріне хабарластым. 10 минуттың ішінде жедел-тергеу тобы келіп жетті”.

Көліктен құрал-саймандар жиынтығы, бұрауыш, монитор және салқындату жүйесінің реттегіші ұрланыпты. Бұдан бөлек, шаһардағы гараждардан және жертөледен заттар жоғалған.

БАТЫРБЕК БУКАН, қалалық ПБ №2 полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы:
– “Күдікті бұл қылмысты түнгі уақытта жасаған. Ешқандай із қалдырмауға тырысып, есік-терезені бұзып кірген”.

Күдікті бейнебақылау камералары мен есепте тұрған тұлғаларды тексерудің нәтижесінде табылды. Ол бұрын сотталған, осы жылдың шілде айында ғана түзету мекемесінен шыққан 36 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қамауға алған тұлғаның бірнеше ұрлық фактісіне қатысы болуы мүмкін.

БАТЫРБЕК БУКАН, қалалық ПБ №2 полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы:
-“Азамат екінші полиция бөлімінің аумағында 4 бірдей ауыр қылмыс жасауы мүмкін. Оны анықтауға бейнебақылау камералары көп көмек тигізді. Ол изоляторға қамалды”.

Тінту кезінде ұрланған мүліктің бір бөлігі табылып, тәркіленді. Тергеу аяқталған соң олар иесіне қайтарылады. Жалпы, өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде 10 айда ұрлық саны 14,7% төмендеген.

Жаннур Бектурганова