Заң

Оңай ақша – ауыр жаза: Петропавлда есірткі қылмысының алдын алу бойынша облыстық форум өтті

Есірткі саудасына тосқауыл қою, заңсыз айналымның жолын кесу және оның зардабын түсіндіру. Петропавлда “Есірткі және болашақ”: Жоғалған мүмкіндіктер” атты облыстық форум өтті. Шараға республика көлемінде қоғам дертімен күресіп жүрген мамандар қатысты. Өкінішке қарай, ел бойынша жағдай мәз емес.

БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы:
– “Жыл басынан Қазақстанда 3 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді. 32 тонна зиянды зат тәркіледік. Оның басым бөлігі – синтетикалық есірткі”.

Сыни ойлау қабілеті дамыған жас ешқашан есірткі тұтынбайды – маман

Биыл елде есірткі тасымалымен айналысқан 22 оқушы ұсталған. Бұл былтырғыға қарағанда әлдеқайда көп. Ең жас зиянды зат жасырушы – 14 жаста. Ол ересек өмірге енді қадам басқан шағында 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жандос Ақтаев бірнеше жыл бойы аталған мәселені зерттеп жүр. Маманның айтуынша, қауіпті кеселдің алдын алу үшін ұл-қыздарды салауатты өмір салтына баулып, білім көкжиегін кеңейту қажет. Бұл отбасының да, мектептің де, қоғамның да жауапкершілігіне кіреді.

ЖАНДОС АҚТАЕВ, ҚР ІІМ есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу кеңесі төрағасының орынбасары:
– “Сыни ойлау қабілеті дамыған жас ешқашан есірткі тұтынбайды. Ал ұл-қыздар зиянды затты тасымалдамас үшін экономиканы дамытқан жөн. Жұмыс орындарын құрып, жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашуымыз қажет”.

Талай жанұяның берекесін кетірген, талай жастың ертеңіне балта шапқан – есірткі қылмысы. Түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағымсыз статистиканың кемитін түрі жоқ. Оңай ақша табамын деп опық жеп қалған жастар шамамен апта сайын темір тордың ар жағына тоғытылуда. Мамандар қоғам дертін түптамырымен жою үшін әр қазақстандықтың бірлесіп жұмыс істегенін қалайды. Себебі, бірлік болмай, тірлік болмайды. Бұны шараға келген жастар жағы жақсы түсінеді.

КСЕНИЯ НЕХВЕДОВИЧ, оқушы:
– Көп ізденетін, араласатын ортасы жақсы, білімге бет бұрған адам ешқашан есірткі қылмысына бармайды. Осы сияқты шараларға жиі қатысамын. Ойға түйгенімді қатарластарыма жеткіземін. Қоғам дертін бәріміз бірлесіп түптамырымен жоюмыз қажет”.

Есірткімен күрес – біркүндік науқан емес, үздіксіз жүргізілуі тиіс жұмыс. Сондықтан профилактикалық шараларды бір сәтке болсын тоқтатпаған абзал.

Нурасыл Ахмет