Білім

М.Жұмабаев ауданында тілдерді оқыту орталығы ашылды

ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА, тілші:
– “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты сөз бар. Ана тілін ардақтап, мемлекеттік тілді меңгеру әр азамат үшін маңызды. Бүгін Булаевода осы бағытта аудан көлеміндегі алғашқы қазақ тілін оқыту орталығы ашылды”.

Жаңа кабинет аудандық мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан. Мұнда мемлекеттік қызметшілер мен аудан тұрғындары қазақ тілін тегін үйрене алады. Оқу бөлмесі сабақ өткізуге қажетті оқу құралдарымен жабдықталған. Орталыққа келушілер үшін А1, А2 және одан жоғары деңгейлерге арналған арнайы оқулықтар қарастырылған. Оқу құралдарымен облыстық тілдерді оқыту орталығы қамтамасыз етеді.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы:
– “Сабақтарды 2 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жүргізеді. Әрқайсысы 4 топтан жасақтап, жалпы 120 адамды оқытады. Оқу бағдарламасы 40, 80 және 150 сағатқа жоспарланған. Алдағы уақытта осындай кабинеттерді басқа аудандарда да ашу жоспарымызда бар”.

Оқу барысында қатысушылардың білімін бағалауға да көңіл бөлінеді. Әр оқу кезеңін аяқтаған соң олар арнайы тест тапсырады. Қорытындысы бойынша білім деңгейін растайтын сертификат беріледі.

ДИНАРА СҰРАҒАНОВА, М.Жұмабаев ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
– “Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы саясатын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Біздің мақсатымыз – қазақ тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастырып, мемлекеттік тілді күнделікті өмірде еркін қолданатын азаматтардың санын арттыруға үлес қосу. Өйткені, қазақ тілі – ұлтымыздың рухани байлығы, еліміздің тірегі”.

Қазақ тілін тереңінен меңгеруге құштар жандардың бірі – Мария Галайдина. Ол қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап үйреніп келеді. Тіпті Абай Құнанбайұлының қара сөздерін де оқиды. Бүгінде білімін одан әрі жетілдіру үшін жаңа орталыққа арнайы келген. Оның айтуынша, тілді өз бетінше мобильді қосымшалар арқылы үйренуге болғанымен, ұстазбен бірге сабақ оқып, тілдік ортада тәжірибе жинаудың орны бөлек.

МАРИЯ ГАЛАЙДИНА, М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:

– “Біз Қазақстанда тұрамыз, сондықтан әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Ауданымызда тілдерді оқыту орталығының ашылғанына өте қуаныштымын. Сабаққа қатысу арқылы қазақ тілінде сенімдірек сөйлей аламын деп үміттенемін. Қазақстандықтарды патриот болуға және мемлекеттік тілді үйренуге шақырамын”.

Булаевода басталған бұл игі бастама өзге аудандарда да жалғасын таппақ. Келесі кезекте Ғабит Мүсірепов және Аққайың аудандарында осындай тіл үйрету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Бұл мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті тұрғындардың қатарын арттырып, қазақ тілінің күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Жансая Дербисова