Жансұлу Бекенова – кітап оқуға құмар жан. Оның пікірінше, баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін ата-ана ең алдымен өзі үлгі болуы керек. Себебі, кітап оқу мәдениеті мектепте немесе кітапханада ғана емес, отбасында қалыптасады. Кейіпкердің өзі де бұл әдетті әкесінен үйренгенін айтады. Ал қазір сол өнегені балаларының бойына сіңіріп келеді.
ЖАНСҰЛУ БЕКЕНОВА, қала тұрғыны:
– “Менің кітап оқуға деген қызығушылығымның түптамыры әкемнен басталады. Өйткені, әкем бала кезінен кітап оқу мәдениетін қалыптастырған. Бала тәрбиесінде кітап оқудың маңызы зор. Балаларға кітап оқыңдар деп айту жеткіліксіз. Сол себепті, мен балаларыма әр оқыған бет пен кітабы үшін арнайы сыйлықтар беремін”.
Жансұлу Бекенова осы ұстаныммен биыл басталған жалпыұлттық кітап оқу марафонына да қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл жобаға Солтүстік Қазақстан облысынан 22 мыңға жуық адам тіркелген.
ЖАНСҰЛУ БЕКЕНОВА, қала тұрғыны:
– “Отбасымызбен кітап оқып, әкем мен және қызым марафонға қатысудамыз. Сонымен қатар, менің әпкелерім, ағаларым да қатысады. Олар “Зияткер” бөлімінде”.
Жалпыұлттық кітап оқу марафоны жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. Жансұлу Бекенованың отбасы “Кітап оқитын әулет” аталымы бойынша бақ сынауда. Қазір олардың нәтижесі де жоғары. Отбасы мүшелері әзірге ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, жалпы 1400 ұпай жинаған.
Улан Ыдырыс