Білім

Қазақстандықтардың тек 43 пайызы кітап оқиды

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында “Кітап оқитын ұлт: кітап оқу мәдениетінен білім мәдениетіне” атты конференция өтті. Келелі кездесуде кітапхана жұмысын жетілдіру, әлеуметтік желілерде кітап оқуды насихаттау мәселелері талқыланды. Іс-шараға шақырылған арнайы қонақтардың бірі – Күміс Сейітова. Астана қаласынан келіп отырған мейман тың деректермен бөлісті.

КҮМІС СЕЙІТОВА, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
– “Үлкен зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде елімізде тек 43 пайыз ғана адам кітап оқитын болып шықты. Өкінішке қарай, 57 пайыз тұрғын кітапқа қызықпайды екен”.

Осы тұста биыл Мемлекет басшысы да бұл бағытқа айрықша мән берді. 16 мамыр күні Президент кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойды. Құжат аясында биылғы жылы ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

КҮМІС СЕЙІТОВА, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
– “Жалпы, кітапхана және кітап басу ісінде оң динамика байқалады. Мәселен, былтырғы жылы елімізде жаңа 3 кітапхана ашылды. Биыл 6 кітапхана ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 200-ге жуық кітапхана модернизациядан өтті. Бұдан бөлек, Алматы, Астана және Қызылорда қалаларында биыл Президенттік кітапхананың құрылысы басталды”.

Өңірде де кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріліп келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыру қажет. Бейінді басқарма башысы Жанат Сексенбаевтың айтуынша, тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп, жас ұрпақты кітап оқуға баулу маңызды.

ЖАНАТ СЕКСЕНБАЕВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– “Кітап оқу тек мектеп пен кітапхананың міндеті болмауы керек. Бұл дәстүр әр отбасында қалыптасуы қажет. Бала ата-анасының кітап оқығанын көріп өссе, өзі де соған қызығады. Сондықтан кітап оқу мәдениетін ең алдымен отбасынан бастауымыз керек”.

Айта кетейік, іс-шара барысында кітапхана ісінің сапасын арттыру, жұмыс тиімділігін жетілдіру және оқырманға көрсетілетін қызмет деңгейін жақсарту мәселелері де назардан тыс қалмады. Жиынға қатысушылар спикерлердің баяндамаларын тыңдап, өзара пікір алмасты.

Улан Ыдырыс