Қаруластарының басын қосып, жоғын жоқтаған арда тұлға. Петропавлда “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Асхат Төлепбергеновті еске алуға арналған қоғамдық-танымдық кеш өтті. Жепрлесіміз 1951 жылы дәл осы күні Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында туған. Ол жастайынан білімге құштар болды. 1970-72 жылдар аралығында Семейде әскери борышын өтеді. Қарулас досы Болат Арықов сол кезеңді ешқашан ұмытпайды.
БОЛАТ АРЫҚОВ, “СҚО Семей полигоны” ҚБ мүшесі:
– “18 жасар баламыз. Бір топ баланы жүк көлігімен әкелді де сынақ өтіп жатқан жерге тастай салды. 20 жыл бойы елден шығуға болмайды деген қағаз қол қойғызды. Асхат Ақжанұлы қаруластары үшін мол еңбек сіңірді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер алуға көмектесті.
Әскерден кейін Асхат Ақжанұлы 30 жылдан астам уақыт бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 2016 жылы жан-жақтағы қаруластарының басын қосып, қоғамдық бірлестік құрды. Сол сәтте ұйымға 142 адам мүшелік етті. Оның 20 пайызы ғана мемлекеттен жәрдемақы алып жүрген. Арда азамат 2019 жылы осы мәселені облыстық қоғамдық кеңесте көтерді. Тағдырлас жандардың құжаттарын рәсімдеуге көмектесті. Нәтижесінде өзекті түйткіл өз шешімін тапты. Асхат Төлепбергеновтің арқасында қазір Семей полигонында болған ардагерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Жылына 2 рет шипажайда демалады. Шараға Асхат Ақжанұлының достары мен туғандары арнайы келген. Немере інісі Темеш Әбжат ағасының айтқан ақылдарын ешқашан ұмытпайды.
ТЕМЕШ ӘБЖАТ, А.Төлепбергеновтің немере інісі:
– “Ағам өте шыншыл болды. Өтірік мүлдем айтпайтын. Шындықты бетке айтуды құп көрді. Айтқан ақылын ешқашан ұмытпаймын”.
Өкінішке қарай, ел ағасы биыл сәуірде өмірден өтті. Артынан қалған 2 ұлы мен 2 қызы бар.
Нурасыл Ахмет