Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық. Ал мәдениет – елдің айнасы. Мемлекет басшысы өз Жолдауында аталған салаға ерекше көңіл бөлді. Елде мәдени нысандарды көптеп тұрғызу қажеттігін айтты. Расымен, талантты жастар өсіп келеді. Сол ұл-қыздардың қабілетін ашып, одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымды дамыту қажет. Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым Петропавлда тағы бір зәулім өнер ошағының салынғанын қалайды.
АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
– “Облысқа жастар театры қажет. Мәдени ошақ тұрғызылса халықаралық және республикалық деңгейде атой саламыз. Талантты ұл-қыздарға жол ашылады”.
Облыста бұл бағытта облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Петропавлда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігі ашылды. Ендігі жылы филиалда оқитын студенттерге арналып зәулім ғимарат тұрғызылады.
АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
-“Мәдени мұрамыз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, сақтайтын жастардың саны артуда. Енді сол жастарды қолдайтын заманауи нысандардың көптеп ашылғанын қалаймын. Жолдауды толықтай қарап шықтым. Президенттің көтерген әр бастамасы жарқын болашаққа жол ашатынына сенемін”.
Айбол Қасымның сөзінше, мәдени нысандардың көп болуы қоғамға зор пайда әкеледі. Сала қарыштап дамып қана қоймай, халықтың дүниетанымы кеңейеді, рухани азық алады.
Нурасыл Ахмет