Қытайлық Цюань Вэй үшін өмірдің жаңа кезеңі басталды. Аспанасты еліндегі Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті “Мал шаруашылығы және селекциялық талдау” мамандығының 2-ші курс магистранты Қозыбаев университетіне Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келді. Ол бір семестр бойы теріскейде тәлім алады. Талапты жас арадағы айырмашылықты сезім үлгеріпті. Ол Қазақстанда тәжірибеге басымдық берілгенін айтады.
ЦЮАНЬ ВЭЙ, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің 2-курс магистранты, ҚХР:
-“Бұл мамандықты таңдау себебім – аталған бағыттың біздің болашақ даму жолымызға тікелей сай келуі. Қазақстанда тәжірибе мен оқу үдерісін тереңірек меңгеріп, мол тәжірибе жинағым келеді. Мұнда шамамен 3 ай боламын. Сүтті бағыттағы қой өсіру ісі ерекше қызықтырады. Үйренетін дүние көп, жаңашылдықтар бар. Осыны аңғардым. Егер мүмкіндік туып жатса, бұл жаққа міндетті түрде қайта оралар едім”.
Қозыбаев университетіне Цюань Вэй сияқты 5 магистрант келді. Қытайлық жастардың алдында көрші елден 19 студент табан тигізген еді. Олар жарты жылдан бері “Мал шаруашылығы” мамандығының қыр-сырын меңгеруде. Тауарлы-сүт фермаларына барған. Технология мен мамандардың жұмысымен танысқан екен.
ЛЯНЬЮАНЬ ЧЭНЬ, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің 2-курс студенті, ҚХР:
– “Мен “Мал шаруашылығы” бағытында оқимын. Қазақстанға келген кезде жергілікті оқытушылар мен студенттердің жылы лебізін естідік. Қатты қуанып қалдым. Сабақтар өте қызықты, мазмұнды өтеді. Қазақстанда ұстаздар мен студенттердің арасында еркін байланысты байқадық. Ал Қытайда студенттер көбірек мұғалімнің айтқаны бойынша әрекет етеді. Ата-анам Қазақстанға баруымды қолдады. Қалада серуендедік. Көшелері мен табиғаты өте әдемі”.
Студенттер аптасына 5 пән оқиды. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Оқу аяқталған кезде Қозыбаев университетінде емтихандар тапсырып, арнайы сертификатқа ие болады. Қытайлық студенттердің Петропавлға келуі – қос жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі. 2023 жылдан бері көрші елдің 100-ден астам азаматы өңірімізде білім алыпты.
ДМИТРИЙ ИЛЬ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Азық-түлік қауіпсіздігі” кафедрасының меңгерушісі:
– “Біздің кафедрада 2 білім беру бағдарламасы бар. “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” бағыты бойынша бакалавриат пен магистратура ұсынылады. Ал “Азық-түлік өнімдерінің технологиясы” бойынша жастарды бакалавриатқа қабылдаймыз. Біз қытайлық тараппен ынтымақтастықты “Агрономия” факультетінен бастадық. Қазір арадағы байланыс нығайды. Бүгінде 3 факультеттің жастары өзара алмасып оқиды”.
Ендігі кезек қазақстандық студенттерде. Қозыбаев университетінің жастары ақпан-наурыз айларында Қытайға аттануды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 35-ке жуық білім алушы өтінім берген.
Аружан Султанова