Солтүстік Қазақстан облысының 2014-2015 жылы туған қыздардан жасақталған құрамасы волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында топ жарды. Өскемен қаласында өткен жарысқа еліміздің 23 командасы қатысты. Жерлестеріміз турнир барысында Атырау, Ақтөбе және Астана құрамаларын жеңді. Ал финалдық кездесуде қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтып алтын медаль иеленді.
ЕЛЕНА ЧУМАНОВА, “Қуаныш” әйелдер волейбол клубының 2014-2015 жылғы қыздар командасының жаттықтырушысы:
– “Бұл жеңісті көп күттік. Өте тартысты кездесулер өткіздік. Сайысқа 2 жыл жүйелі түрде дайындалдық. Елімізде және Ресейде өткен түрлі жарыстарда тәжірибе жинақтадық. Қазір Қазақстандағы волейбол деңгейі артқан. Ойын қарқыны күшейіп келеді. Сондықтан бәсекелестік жоғары болды. Бірақ асығымыз алшысынан түсті”.
Жерлестеріміз командалық есепте топ жарды. Бұдан бөлек петропавлдық Аделина Есімова чемпионатта көзге түсіп “Үздік ойыншы” медалін жеңіп алды.
АДЕЛИНА ЕСІМОВА, “Қуаныш” әйелдер волейбол клубының ойыншысы:
– “Астана командасымен финалда кездестік. Бұған дейін олардан жеңілген болатынбыз. Сондықтан бұл жолғы жеңіс біз үшін ерекше әсер сыйлады. Осы чемпионатта үздік ойыншы атандым. Еңбегім бағаланды. Командам жеңіске жетті. Өте қуаныштымын. Бірақ бұл басы ғана, ары қарай да бізді түрлі турнирге қатысамыз”.
Айта кетейік, алдағы уақытта жерлестеріміз Омбы қаласындағы турнирге қатысады. Ал келесі жылдың қаңтар айында команда Қазақстан чемпионатының үшінші турына дайындықты бастайды.
Сандугаш Кайырбек